Петропавлдық өрт сөндірушілер 7 жасар қызды құтқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында өрт сөндірушілер 7 жасар қызды иіс тиюден сақтап, аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт бүгін таңғы сегіздер шамасында Брусиловский көшесіндегі 61-үйдің 3-ші қабатынан шыққан. Өртенген пәтерде 60 жастағы әйел тұрады екен. Абыржып, сасқалақтаған әйелді оқиға орнына жеткен құтқарушылар далаға шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстады.

СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Евгений Журавлевтың айтуынша, көпқабатты үйден барлығы 24 адам, соның ішінде 6 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Оларға медициналық көмек керек болған жоқ. Ал, өрт шыққан пәтердің үстіндегі төртінші қабатта бала қалғанын сол үйдің тұрғындары айтыпты.

«Пәтердің есігін ұрғылағанмен, ешкім ашпады. Бұзып кірмек болып едік, темір есік бой бермеді. Сол себепті автосатымен терезеден кірдім. Көк түтіннің ішінен 7 жасар қызды алып шығып, әріптесім Аманжол Қоспановқа бердім», - дейді 3-өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Андрей Щербак.

Зардап шеккен әйелмен және қызбен Төтенше жағдай департаментінің психологы жұмыс істеді. Мамандардың айтуынша, қазір жағдайлары жақсы.

Ал, өрт пәтердегі тоңазытқыштан шыққан. Оқиға орнына дер кезінде жеткен құтқарушылар оның таралуына жол бермей, сөндіріп алды.

Соңғы жаңалықтар