Петропавлдық үшінші рет мас болып көлік жүргізіп ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көлікті мас күйде жүргізіп, үшінші мәрте полицейлердің қолына түскен жүргізушінің 5 жылға бас бостандығы шектелуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 сәуірге қараған түні патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Петропавлдағы Жамбыл көшесінде тексеру үшін «BMW» автокөлігін тоқтатқан. Рөльде отырған 21 жастағы жүргізуші мас болған. Ол ағасының туған күнінен шықтым деп ақталған. Полицейлер қала тұрғынын тексеріп, оның бұрын екі рет мас күйде көлік тізгіндегені үшін алғашында 3 жылға, кейін 6 жылға көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады.

Осындай санкция әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап заң бұзушылық жасаған жүргізушіге қолданылады. Енді ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.

«Жас жігіттің ірі мөлшерде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға бас бостандығы шектелуі мүмкін. Сондай-ақ ол өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылады. Заң талаптарын елемеуге болмайды. Мас жүргізушілермен күреске жол қауіпсіздігіне арналған барлық жедел-профилактикалық іс-шараларда басымдық беріледі», - дейді облыстық Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жыл басынан бері облыста бұрын жүргізу құқығынан айырылған 18 мас жүргізуші анықталды.



Соңғы жаңалықтар