Петропавлдың өзге ұлт өкілдері бірігіп, мұқтаж отбасыларға көмектесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға және қаражатқа мұқтаж сырқат жандарға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО «Қоғамдық келісім» КММ мәліметінше, қайырымдылық акциясына этномәдени бірлестіктер өкілдері, Волонтерлік қозғалыс орталығы, облыстық мәслихат, «Nur Otan» партиясының СҚО филиалы, «Zhas Otan» жастар қанаты және көптеген кәсіпкерлер қолдау көрсетті.

Петропавлда тұратын Михайловтар отбасында төрт адам бар: әжесі, анасы және екі кішкентай бүлдіршін. Облыстық ассамблея бұл шаңыраққа үнемі көмектесіп тұрады. Былтыр оларға баспаналы болуға жағдай жасады. Балалардың біреуі мектепке, екіншісі балабақшаға барады. Аналары жұмысқа орналасқан. Қайырымдылық акциясы аясында отбасыға азық-түлік, Петропавл тігін фабрикасынан күртешелер және тағы да басқа көптеген сыйлықтар тапсырылды.

Акцияға қатысушылар барған екінші отбасында жалғызбасты әке Александр Марченко екі ұлын жалғыз өзі өсіріп жатыр. Балалар ақылды, тәрбиелі болып өсіп келеді. Мектепке, балабақшаға барады. Ассамблея отбасыны өз қамқорлығына алған. «Сомониён Север» тәжіктердің қауымы «Мектепке жол» акциясы аясында балалардың киімін түгендесе, осы жолы да іс-шара барысында тұрмысқа қажет заттар, азық-түлік жеткізілді.

Ал Петропавлдағы Жастар сарайында «Мята» агенттігінің жетекшісі Екатерина Башкатованы қолдауға арналған қайырымдылық кеш өтті. Бойжеткен қатерлі ісікке шалдыққан. Облыстық ҚХА, бизнес қауымдастықтар, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен кеш аясында кондитерлік өнімдердің, қолданбалы қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті. Концерттік бағдарламаға өңірдің шығармашылық ұжымдары қатысты. Нәтижесінде Екатеринаның еміне 3 млн теңге қаржы жиналды.


Соңғы жаңалықтар