Пірімқұлов экологиялық төлемнен түсетін қаржы қалай жұмсалуы керегін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов экологиялық төлемдерден түсетін қаражат қандай мақсатқа жұмсалуы керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маңызды мәселенің тағы бір тармағы – экологияға бюджет қаражатын шығындау мәселесі. Халық пен бизнес өкілдері «кәсіпорындардың эмиссия үшін жергілікті бюджетке төлеп жатқан қаражаты қайда кетіп жатыр, өңірде экологиялық аухалды жақсарту үшін не жасалады?» деген мәселені жиі көтереді. Статистика көрсетіп отырғандай, аймақтар экологиялық төлемнен жиналған қаражаттың орташа есеппен 40 пайызын ғана экологияға жұмсайды. Кейбір өңірде бұл көрсеткіш тіпті 5 пайызға да жетпейді. Сол себепті біз бұл қаражаттың бәрі де экологияға, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалуы керектігі туралы норманы (Экологиялық кодекс жобасына) енгіздік», - деді Ахметжан Пірімқұлов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр нақтырақ айтқанда экологиялық төлемдерден жиналған ақша көгалдандыруға, саябақтар мен кәріздік тазалау құрылымдарының құрылысына, тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіруге жұмсалуы керектігін жеткізді.

«2025 жылдан бастап жаңа технологияларды өндіріске енгізбеген кәсіпорындарға эмиссия үшін салынатын салық артады. Осы салық та айналып келгенде экологиялық шығындар үшін жұмсалуы тиіс. Өз өндірісін жақсартқысы келмегендер – көбірек ақша төлеуі тиіс. Ал жергілікті атқарушы органдар бұл қаражатты экологиялық ахуалды жақсартуға жұмсауы тиіс», - деді ол.

Вице-министр сонымен қатар ауа зиянды заттарды шығаратын орындарға мониторинг пен бақылау жүргізудің автоматтандырылған жүйесін енгізу нормасы міндетті болуы керектігін айтып өтті.

«Қоғам кәсіпорындардың шығарындылары туралы мәліметті ашық білуі керек деп есептейміз. Жалпы елде экологиялық белсенділік артып келеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар