Польша тарихындағы Алтын орда іздері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алты ғасыр бұрын Алтын ордадан ауып барған көшпелі жұрттың бір бөлігі Польша тарихында «татарлар» атанып, бұл күнде түбі түркі екенін ұмытпауға тырысып, өмір сүріп жатыр.

Польша Республикасының Қазақстан мен Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Селим Хазбиевич жуырда елордадағы «Еуразия тарихының мұрасы» атты халықаралық конференцияда ауқымды әрі мазмұнды баяндама жасады. Кезінде Алтын орданы билеген «Тоқтамыс ханның ұрпағымын» деп бастады әңгімесін ол. Өзі тарих ғылымдарының докторы, профессор екен.

«Мен сіздерге польшалық және польша-литвалық татарлар туралы айтып берейін деп отырмын. Қазір түркі ұрпақтары Польшада өте азшылықтағы этникалық топқа айналған. Біздегі татарлар қоғамдастығы да, мұсылман жамағаты да – солар. Десе де, Батыста қалып қойған біздегі татарлар – Алтын орданың мұрагерлері, Ұлы даланың ұрпағы саналады», - дейді Селим Хазбиевич.

Профессор ата-бабалары Литваға Өзбек ханның (Мұхаммед Сұлтан Өзбек, Алтын Орданы 1313 – 1341 жылдары билеген) өлімінен кейін ХІV ғасырдың ортасында ұлы бүліншілік кезінде келгенін сөз етеді. Кейін Тоқтамыс хан да соғыса жүріп, бірнеше жыл Польша мен Литва жерінде болған. Сол тұстағы тарихи кезең литвалық князьдар мен Тоқтамыс ханның арасын біршама жақындата түседі.

«Осыдан кейінгі тарихи кезеңде Тоқтамыс ханның ең абыройлы да ықпалды ұлдарының бірі – Жәлеледдин Польша-Литва князьдарынан қолдау тауып, 1410 жылы сондағы ең шешуші – кіресшілердің соғысына қатысты. Жәлеледдин қатысқан Грюнвальд соғысы (Польша корольдігі мен Ұлы Литва князьдығы одағының Тевтон ордені әскерімен шайқасы) – орта ғасырлардағы ең үлкен текетірес еді», - дейді ол.

Грюнвальд соғысы жайлы неміс архивтерінде қызықты деректер бар екен. Селим Хазбиевичтің сөзіне құлақ ассақ, кірес жорықшылары Рим Папасына хат жолдап, поляк патшасы Ягайло мен литвалық князь Витовтпен соғыс – «бұл шайқас – кіресшілер мен мұсылмандардың соғысы болып кетті» деп хабарлапты.

ХV ғасырдан ХVІІ ғасырдың соңына дейін де Польша мен Литва аумағындағы түркі халықтарының атауын тарихтан жиі кездестіруге болады. Бір деректерде олар түркілер деп аталса, бірде қырым татарлары, бірде липкалар деп те аталады. Липка татарлары атауының шығуы – Литва атауының өзгертілуімен байланысты.

Селим Хазбиевичтің айтуынша, бұл өте қызықты сурет. Бұл – Наполеон армиясының татар жауынгерлері отряды.

Орыс тарихнамасында Наполеон басқыншы ретінде сипатталса, Польша тарихында оған деген көзқарас басқаша. 1813 жылы Наполеон әскері Мәскеуден шегініп бара жатқан кезде Вильнюста литвалық татарлардың кавалериялық эскадроны құрылған. Олар польша-француз жағында соғысқан.

Наполеонның татар жауынгері. Бір қызығы, татар жауынгерлерінің француз әскерінің сапында болғаны ол жақта ұмытылмапты. Селим Хазбиевич француз сапындағы татар әскері туралы біраз кітаптың жарыққа шыққанын айтады.

«Татар кавалериялық отрядтары жайлы мына қызықты деректі айтайын: ХVІІ ғасырға дейін ол әскери топтар рулық-тайпалық отрядтарға бөлінетін. Яғни, бертін Польша мен Литва тарихында «татарлар» аталып кеткен түркілер – қазіргі Қазақстандағы өмір сүретін рулардың шағын бөлігі еді. Олар бір кездері Ұлы Литва князьдығының аумағына қоныстанған үйсін, найман, жалайыр, қоңырат, арғындар еді. Аталған рулар ХVІІІ ғасырдың басынан бастап Польшада рулық құрылымдарын жоғалтып, польшалық-литвалық татарлар деп атала бастады», - дейді профессор.

Польша армиясындағы соңғы татар эскадроны. 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып, неміс әскері Польшаға басып кіргенде осы татар ұландарының кавалериялық эскадроны шайқасқа аттанған.

Бұл – Польша әскерінің татарлар отрядының соңғы жетекшісі, польшалық кавалерияның майоры - Александр Ельяшевич. Сурет 1939 жылы түсірілген. Оның басшылығындағы татар эскадроны 1939 жылы 1 қыркүйекте немістермен айқасқа түскен. Ельяшевич неміс тұтқынына түскен адам. Соғыстан кейін Польшаның солтүстігіндегі Гданьск қаласында өмір сүрген.

Вильнюс (татарлар) ұландарының 13 полкінің 1 эскадронының реконструкцияланған командасы.

Бұл сурет соғыс алдындағы польшалық татарлардың діни үкіметінің өкілдері. Ортада мүфти Якуб Шынкевич (1884-1966) мен оның орынбасары, Вильнюс имамы.

Литва және Польша мүфтиі Якуб Шынкевичтің Вильнюстағы ескерткіш тақтасының ашылуы. 2014 жылдың 5 қыркүйегі. Дәл осы жерде соғысқа дейін польшалық-литвалық татарлардың мүфтияты болған.

Гданьсктегі татар атты жауынгерінің ескерткіші. Ескерткіштің ашылуына Польшаның бұрынғы президенті Бронислав Коморовский қатысқан.

Польша татарлары одағының Гданьсктегі кездесуі.

Kрушыняны ауылындағы мешіт (Польша)

Гданьсктегі мешіт, (Польша).

Соңғы жаңалықтар