Польшада іздестірушілер 56 қазақстандық майдангердің зиратын тапты
Жарты жыл ішінде поляк мекемелері жерлеу орындарын іздеу және қазу жұмыстарын жүргізген. Майданға Қазақ ССР-нан шақырылған Қызыл армия жауынгерлерінің 56 зираты табылды. Олардың аты-жөндерін, қандай шайқаста қаза тапқанын анықтау үшін ауқымды жұмыс істелді.
Қазақстандағы Польша Республикасының Елшілігі жанындағы әскери атташе Петр Вуйтович қызыл әскерилердің тізімін салтанатты түрде әскери-тарихи мұражайдың басшысына тапсырды.
«Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңындағы бұл іс-шараның маңыздылығын айта өту керек. Тізімдегі әрбір жауынгер біреудің із-түссіз кеткен туысы болуы керек. Атасын іздеп жүрген ұрпақтары да бар шығар. Олар үшін Отанды ерлікпен қорғаған жауынгерлердің қайда жерленгенін білуі өте маңызды», - деп атап өтті музей бастығы Нұртаза Әсілов.
Тізімді алғаннан кейін мұражай жауынгерлердің туыстарын іздейді.