Польшадағы көрмеде Қазақстанның ұлттық стенді үздік атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм комитеті Польшадағы ТТ Warsaw 2019 халықаралық көрмесіне қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрменің алғашқы күні «Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ және отандық туроператорлар Польша елінің туристік қауымдастықтарымен кездесті. Нәтижесінде Kazakh Tourism мен LOT Polish Airlines әуе компаниясы және экстремалды іс-шараларды ұйымдастыратын «Runmageddon» агенттігі серіктестік жөнінде меморандум бекітті.

«Алғашқы күннің қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар түрлі номинация аясында үздік қатысушыларды анықтады. Қатысушы елдер арасында Қазақстанның стенді жоғары бағаланып, «Үздік стенд» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Жыл басынан бері Қазақстан халықаралық туристік көрмелерде «Meet QASAQs» тақырыбындағы ұлттық ту түсінде жасалған стенд жасаған еді. Сондай-ақ, еліміздің мәдени және іскерлік бағдарламалары да келушілердің көңілінен шыққан», - деп хабарлады «Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 21-23 қараша аралығында қазақстандық туроператорлар Польшадағы әріптестерімен кездесіп, «Meet QAZAQS: Discovering the destination Kazakhstan through travel» тақырыбында еліміздің туризм саласындағы әлеуетін таныстырады.

Аталған көрме қатысушылары Қазақстан стенді жанында ұлттық дәмнен ауыз тиіп, қымыздан жасалған сусындарды бағалап, қазақ батырларымен селфи жасай алады.

Польша еліміздің туристік нарығында маңызды орын алады. Оған себеп – Польша тұрғындары үшін визасыз саясат және Нұр-Сұлтан - Варшава арасындағы тікелелей рейстердің қолжетімділігі.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, қазақстанға Польшадан 2018 жылы – 15 739 адам, 2017 жылы – 13 565 адам келген. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 16% өскен.

Польша туристі үшін елімізде 2-4 күндік саяхаттың құны 1203 польшалық злотый немесе 117 854 теңгені құрайды. Ал, 5 немесе одан да көп күн демалатын поляктар орта есеппен 2 484 злотый немесе 243 349 теңге жұмсайтын көрінеді. Саяхат барысындағы шығынның көп бөлігі көлікке, жатын орынға және тамаққа жұмсалады. Айта кетейік, елімізге келген Польша туристерінің 34% өз жұбымен, 18% балаларымен және 23% достарымен бірге саяхаттайды.

Соңғы жаңалықтар