Полиция жұмысының стандарттары мен алгоритмдері қайта қаралып жатыр - ІІМ

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында биыл қызмет барысында ерлігімен ерекше көзге түскен республикамыздың үздік 14 полиция қызметкерінің қатысуымен «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акция «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа - үлгі» ұранымен өтуде. Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 күндік шара «Қазіргі заман қаһарманы» акциясы «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа – үлгі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізумен бастау алды. «Халық қаһарманы» полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған бұл шараны Ішкі істер министрлігі жыл сайын өткізеді. Ол ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерліктері мен батырлығын насихаттауға, олардың Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухын көтеруге, халықтың құқықтық тәртіп қызметіне деген сенімін нығайтуға және Қазақстан полициясының беделін арттыруға бағытталған.

Аталған шараға Қазақстан Республикасы ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстық ПД басшысы Атығай Арыстанов, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, ҰҚК өкілі Марат Ирменов, ІІО ардагерлері, БАҚ өкілдері мен еліміздің әр аудандарынан келген батыр-полицейлері қатысты.

ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Б.Бейсеев өз сөзінде қазіргі заман жағдайында мемлекет пен қоғам полиция қызметкерлеріне жаңа талаптар қоятынын, бұл ретте басты нәрсе халықтың ішкі істер органдарына деген сенімі екенін айтты.

«Осыны ескере отырып, біз уақыт талаптарына жауап беретін қазақстандық полиция қызметкерінің жаңа келбетін қалыптастыру жөніндегі жұмысты түбегейлі қайта құруға ниеттіміз», - деді ол.

Бақытжан Халилұлы ішкі істер органдарын жаңғырту мақсатында Жол картасын іске асыру аясында онлайн – талқылау үшін порталда полиция қызметкерлерінің стандарты жарияланғаны жайында атап өтті. Барлық енгізілген ұсыныстар мен тілектер стандартты бекіту кезінде ескерілмек.

«Сонымен қатар ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан реформалардың басты сәті ретінде полицияның қоғаммен өзара іс-қимыл жасау тәсілдерінің өзгеруін »сервистік модельге« көшу деп атауға болады. Біз адам құқықтарының сақталуын ескере отырып, полиция жұмысының стандарттары мен алгоритмдерін қайта қарап жатырмыз. Біз полицияның ашық болғанын қалаймыз. Қазір барлық жерде азаматтарды ашық түрде қабылдауда 239 фронт-кеңсе жұмыс істейді», - деді полиция полковнигі.

«Дөңгелек үстел» соңында жергілікті атқарушы органдардың, күш құрылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың атынан алғыс хатпен марапатталды.

Батыр-полицейлер Ақтөбе қаласының жалпы білім беретін №21,60,10,40 мектептері мен Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесіп, олар онда өздерінің күнделікті жұмысы және қызмет атқару кезінде қандай қиындықтарға тап болатыны туралы әңгімеледі. Оқушыларға полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың адамдарды құтқару сәттерінің бейне роликтері көрсетілді. Сонымен қатар, акцияға қатысушылар Алға ауданына барып, аудан әкімімен, оқушылармен және аудан халқымен, ардагерлерімен кездесу өткізді. Алматы қаласы Полиция департаментінің ансамблі аудан тұрғындарының алдында өз өнерлерін көрсетеді.

Акция аясындағы шаралар 15 қарашаға дейін Ақтөбе облысында жалғасады. Оның барысында акция қатысушылары Хромтау мен Темір аудандарында оқушылармен, оқу орындарының студенттерімен, ардагерлермен және халықпен кездеседі. 15 қараша күні «Өнер орталығы» концерт залында салтанатты іс-шараның қорытынды бөлімі өтеді. Онда Ішкі істер министрі атынан марапаттаулар мен алғыс хаттар табыс етіліп, Алматы қаласы Полиция департаменті ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар