Полицияның қызметтік иттері ерекше балаларды емдеуге қолданыла бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қызметтік полиция иттері ерекше балаларды емдеу үшін қолданыла бастады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ерекше балалар үшін иттер ең жақсы дос болатынын көпшілік біле бермейді. Оларға басқа балалармен сөйлесу қиын. Осындайда балаларды тез баурап алатын иттер көмекке келеді. Бала мен ит бір-бірін жақсы түсінеді. Сондықтан ҚР ІІМ Алматы қаласындағы Кинологиялық орталығы арнайы түзету мектеп-интернатының балаларын қонаққа шақырды», - деді Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігі ұйымдастыратын апталық брифингіде.

Ресми өкілдің айтуынша, балалар қызметтік иттермен танысып, олардың көрсетілімдеріне қатысты, төрт аяқты полиция көмекшілерін басқаруды және командалар беруді үйренді. Мұндай кездесулер үшін полиция иттері арнайы балалармен қарым-қатынас әдістерін үйренген.

«Олар қимылдарды, сөйлеу интонациясын өте жақсы сезінеді және дұрыс түсінеді. Арнайы дайындалған иттер психикалық және жүйке кернеуін жеңілдетеді, белгілі бір әлеуметтік және коммуникативті мінез-құлықты дамытуға көмектеседі. Әрбір ерекше бала ересек итпен танысуға, күшіктермен сөйлесуге, оларды тамақтандыруға және ойнауға мүмкіндік алды», - деді Нұрділдә Ораз.

Айта кетейік, жыл басынан бері полицейлер қызметтік иттердің көмегімен 4 мыңнан астам қылмысты ашты және заңсыз айналымнан бір тоннадан астам түрлі есірткі заттарын алуға көмектесті.


Соңғы жаңалықтар