Пойызда тыйым салынған діни кітап алып жүрген 4 қырғызстандық айыппұл төледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полициясы көлік нысандарында діни әдебиеттерді сақтауға және таратуға тыйым салынатынын ескертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған діни мазмұндағы әдебиеттерді және өзге де ақпарат көздерін сатуға, таратуға және сақтауға байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған жедел-алдын алу іс-шараларын үнемі өткізеді.

Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов атап өткендей, өткен жылдың қазан айында Көліктегі полиция департаменті мен Луговой стансасының желілік бөлімше қызметкерлері жолаушылар пойызын тексеру кезінде Қырғыз Республикасының 4 азаматын ұстады. Олардың әрқайсысынан сараптама қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған діни әдебиеттер алынып, тәркіленді.

«Ұсталғандар Жамбыл облысы Меркі аудандық сотының шешімімен ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 453-бабы 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды және әрқайсысына 176 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынды», - дейді полиция полковнигі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабы 2-тармағына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпарат көздерін сатуға, таратуға және сақтауға тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген орындарда рұқсат берілген. Темір жол және әуе көлігі нысандарында оған тыйым салынады.


Соңғы жаңалықтар