Прагматизм – қазіргі заман жастары үшін аса қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан ой түйетін кез келді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз еңбегінде жаңа заман, жаңа ғасырда өмір сүру үшін өзгере білу, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керектігі, оған көнбегендердің көш соңында қалатындығы жазған.

Елбасының көзқарасы шындығында бұқаралық сананы өзгертуге ықпал ететіні сөзсіз. Мақала ХХI ғасырдағы ұлттық сана мен оның мәселелерін және таяу жылдардағы еліміздің алдындағы міндеттерді айқындап берді. Мақалада бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты мәселелерді күн тәртібіне қойып, оның нақты мәні мен мағынасына үңіле отырып талдау жасайды. «Мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсетті Елбасы. Рухани жаңғырудың негізгі сипаты – өткен мен болашақты үйлестіре отырып жүзеге асыру.

Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұратын сақтай отырып, болашақтан өз орнын айқындау. Онда прагматизмнің орны мен рөлі өте жоғары. Прагматизм қазіргі жастар үшін аса қажет.

Осы тұрғыдан алғанда прагматизм өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Ол – ұлы дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын жайлаған отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту. Шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, ұстамдылық, қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік пен ресурстарды орынды пайдалану.

Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен, жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту деп түсіну керек. Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтау екені мақалада анық атап көрсетілген. Сондықтан да Елбасының «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» дегені бүгінгі мен ертеңнің және болашақтың, жалпы «Мәңгілік ел» идеясының басты шарты болуы тиіс.

Елімізде ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, үшінші жаңғыруды жүзеге асыратын ұлттық идеологияның басты қағидасы жастардың санасында туған жер мен туған елге деген ерекше сезімді, ілтипатты оятып, оны дәріптеу арқылы ел бірлігін сақтаудың жаңа заңдылығын ұсынды.

Осы орайда баршамыздың көз алдымызда күнделікті болып жатқан, сол қарапайым дүниеге назар салмайтын, бірақ елімізді тану мен шетелге танытуда зор рөл атқаратын мәселеге назар аудартқым келеді. Мәселен, Абайдың 175 жылдығына орай еліміздің бірқатар қалаларында ұлы ақынның ескерткіші мен бюстерін ашу жоспарланып отыр. Қалың көпшілік Абай образын осы мүсіндер негізінде қалыптастырары анық. Осы орайда ойда жүрген ұсынысты ортаға да салғым келеді. 2009 жылы Өскеменде еңселі Абай ескерткіші ашылды. Әкім орынбасары ретінде ескерткішті дайындау жауапкершілігі маған жүктелді. Конкурсқа қабылданған оннан астам мүсіндерді көрдім. Бәрі дерлік «шапанға оранған, қабағы түсіңкі, жуанқарын адам». Болмайды дедім. Алдын – ала дайындап қойған Абайдың Мәскеуде орнатылған ескерткішінің суретін мүсіншілерге таратып бердім.

«Бұл Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың – Абайы», - дедім. Басты талап Ескеркіштегі Абай образы, бейнесі осындай болуы керек. Бұған қосымша біздің талап бойынша ескерткіш постаментімен 14 метрден биік болатындығын ескеріңіздер. Абай оң қолыңа кітап ұстап тұрсын. Қалғаны сіздердің фантазияларыңыз!».

Бұлай деуге себеп, дүниежүзілік мәдениеттің ірі орталығы саналатын Мәскеуде талай болып, айтулы зиялыларымен сөйлескенде «Чистые пруды» бульварындағы Абай ескерткіші Мәскеу архитеруктурасына қосылған ерекше көркем дүние дегенді талай естіген едім. Әрі ресейлік қоғамдық пікір мәскеуліктердің аузымен айтылатынын ескерсек, қазақ пен орыс арасындағы достық түсіністікке осы есерткіштің қосқан үлесі зор. Оны екі ел Президенттері Н. Назарбаев пен В. Путин бірге ашқанын да білеміз. Қазақстан мен Ресей халықының арманы мен билігінің қойған мақсаты да әлемнің өркениетті елдерінің қатарынан орын алу екендігі баршамызға аян.

Ілгеріде бірлесіп ортақ жобаны қолға алғанда ресейлік жиеніміз, белгілі режиссер Егор Кончаловскийдің: «маған, кімге тартқансың дейтін мырзаларды, Мәскеудің қақ ортасындағы Абай ескерткішіне апарам. Абайдың рухы мен харизмасы кімді болмасын табындырады», - дегені есімде.

...Сонымен Өскемендегі ескерткіш, 2006 жылы Мәскеудегі Елшіміз болған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен жасалған Абай образын қайталады. Абайдың бұл бейнесін сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жоғары бағалап, бірден бекітті. Бір жылдан кейін мәскеулік Абай образын Астанада ашылған Абай ескерткішінен байқадым. Ол кезде қала Әкімі Иманғали Тасмағамбетов болатын.

Биылғы мерекелі жылы Абай бейнеленген бірқатар суреттер жариялануда. Бюстері салтанатпен ашылуда. Облыс орталықтарында Абай ескерткішін орнатуға бюджет бөлінуде. Ойландыратын жәйт Абайды халыққа жақындатуға арналған осы естелік мұралар әр жерде әртүрлі. Жобаға Абайдың отбасымен түскен жалғыз фотасы негізге алынғанға ұқсайды. Ол фото Абайдың арқа сүйеген перзенті: «Жаңа жылдың басшысы — ол, Мен ескінің арты едім» деп үміт күткен ұлы Абдрахман қайтыс болған соң түсірілгенін ешкім назарға алмайды. Үлкен трагедиядан кейін ұлы Тұлғанын ғұмыры да Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының соңғы төртінші томының бөлімдерінің атауындай: «Қапада. Қастықта. Шайқаста. Жұтта.» өтті...

Абай әлемін, Абай әлемі арқылы зерт­теп-тану, меңгеру, ғұламаның ілімі бойынша өмір сүру – Елбасымыз айтқан Рухани жаң­ғыру мен Ел мәңгілігінің де ең басты кепілі.

Абай әлемі – ұлтымыздың мі­нез-құлқы, болмыс-бітімі, тұрмыс-тір­ші­лігі, дүниетанымы, жаны, тілі, діні, ділі, рухы жан-жақты көрініс тапқан бірегей құбылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газе­тінде жарық көрген «Абай және XXI ға­сыр­дағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтой аясында мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жос­­парда екенін атап өте отырып, ол шара­лардың «той тойлау үшін емес, ой-өрі­сімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін өткізілмек» екенін алға тартты.

Тағы бір дерек. 2009 жылдың кыркүйегінде Өскеменде үнді елінің ұлы перзенті Рабиндранат Тагордың бюстін Қ. Қайсенов атындағы «Жастар» этнобағында аштық. Сапалы қоладан құйылған, биіктігі – 107 см. ені – 81 см. салмағы – 120 кг. тұғырының биіктігі – 145 см. мүсінді Үндістанның Қазақстандағы елшілігі сыйлады. Салтанатты шарадан кейін Үндістан елшісі Ашок Саджанхарды Абай ескерткішіне апардым. Бізден кейін Швецияда елші қызметін атқарған, қазір Ғаламдық зерттеулер институтының Президенті Ашок мырза: «Сіздердің Абайдан Мәскеукдегі Абайдың лебі сезіледі», - деген.

Сол күнгі емен жарқын әңгіме кезінде миллиард тұрғыны бар Үндістан елшілерінің үлкен парызы - үнді ұлтының ұлы тұлғалары Рабиндранат Тагор мен Махатма Гандиді қызмет еткен сырт мемлекеттерде насихаттап, мүмкіндігінше көпшілік демалатын саябақтарда бюстерін қойғызып, жергілікті тұрғындарға асыл мұраларын жан – жақты жеткізу екендігін естідім. Сұхбат арасында Үндістандағы осы екі тұлғаның ескерткіштері мен бюстері «гумманизмге ұмтылған жалпыадамзаттық рухты бейнелейтін» бірегей образада жасалатынын және ерекше маңыз бөлгені сырт елдерде қойылатын мүсіндері де Үндістанда құйылатындығын айтқан.

Әлемнің бес континентін көріп, қырыққа жуық елде болған ақын Тагордың өмірге көзқарасы өзінен жиырма жас үлкен замандасы Абай дүниетанымымен ұқсас.

Абай:

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті»,-дейді.

Европалықтардан кейін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының бірінші лауреаты атанған Тагор адамзат баласы туралы ойын:

«Ол ма, ол қазір менің жанарымда,

ол менің өн-бойымда, менің жан дүниемде», - деп түйіндейді.

Әлемде Қазақстан секілді екі жүздей мемлекет бар. Сол елдердің Абайдай ұлы тұлғалары да бар. Көріп жүрміз, оқып білудеміз – олар да данышпандарын дүние жұрты білсе дейді. Кітаптарын аударады, мүсіндерін жасап елшіліктер арқылы сыйлас елдерде орнатады. Конфуций, Шекспир, Пушкин, Гёте, Тагор, Ганди... Осындай есімдері мәлім адамдардың бюстері бір стильде, бір образда жасалған. Көрген көз жаттап алады. Қай ұлттың ұлы екенін есте сақтайды. Түсірілетін кинофильмдер мен деректі сериалдарда осы бір бейне, бір образ. Біз де Абайымызды жаһандық мәдениетке үлес қосқан тұлға ретінде таныту жолында өркениетке үлгі, жалпыадамзаттық рухты жаңғыртқан рухани жан-дүниесін ашатын өнегелі образын ұсынуымыз замана талабы деп ойлаймын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет екендігін айтылған.

«Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» деп жазады Елбасы мақаласында. Бұл ретте Президент бірінші кезекте, атақты тарихи тұлғалар мен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуға тоқталады.

Осы орайда Ұлы тұлғаларымыздың бейнелерін бірізділікке келтіру күн тәртібіндегі кезек күттірмес ерекше мәселе деп ойлаймын.


Соңғы жаңалықтар