Президент АЭС саларда Түркияның тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырды

None
Фото: criptoaldia.com
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында елімізде қауіпсіз атом және сутегі энергетикасын дамыту шараларына баса мән берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл бағыттағы жұмыс туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов пен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.

Президент МАГАТЭ деректерін мысалға келтірді.

Бұған сәйкес әлемдегі қуат көздерінің 10 пайызы атам энергетикасының үлесінде екені айтылды.

Аталған сектор көмір (36,7%), газ (23,5 %) және гидроэнергетика (16 %) салаларынан кейін төртінші орында тұр.

«Атом энергетикасы көміртектің жылдық қалдықтарын шамамен 2 миллиард тоннаға азайта отырып, төмен көміртекті электр қуатының жалпы көлемінің үштен бірінен астамын өндіреді. Бұл 400 миллион автокөліктің қалдығына тең. Ал атом энергетикасының болашағына келетін болсақ, түрлі факторларға байланысты белгісіздік деңгейі өте жоғары. Алайда, қазіргі таңдағы энергия дағдарысы мен энергия ресурстары бағасының құбылмалы жағдайында «бейбіт атомды» пайдалану мәселесі көптеген үкіметтердің күн тәртібіне енгізілгені анық. Геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Халықаралық энергетика агенттігі Еуропа одағы елдерін барлық атом электр станцияларын жабу мәселесін кейінге шегеруге шақырды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда әлемнің 32 елінде 440-тан астам ядролық реактор бар екенін және 20-ға жуық мемлекет өз аумағында атом электр станциясын салу мүмкіндігін қарастырып отырғанын атап өтті.

Олардың қатарында біздің елімізден бөлек, Чили, Индонезия, Алжир, Филиппин, Эфиопия, Сенегал және басқа да мемлекеттер бар.

Сонымен қатар Президенттің айтуынша, технологияларды жеткізушілердің шорт-парағын айқындау маңызды және онда баға өлшемдерінен бөлек технологиялардың сенімділігіне баса мән берілуге тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім алудың және өндірістік құзыретке қол жеткізудің аса маңызды екенін айтты.

«Басқаша айтқанда, біз болашақта білікті физиктерді, атом саласындағы кадрларды, инженерлер мен техникалық мамандарды дайындауымыз керек. Мүлдем жаңа оқу-өндірістік база құру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Түркияның «Аккую» АЭС-ін салудағы тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Сурет: criptoaldia.com
Соңғы жаңалықтар