Президент ауыл әкімдерін сайлауға қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл әкімдерін сайлау биыл тамыз-желтоқсан аралығында өтеді. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағы бір маңызды мәселе – өзін-өзі басқару тәжірибесін дамыту және жергілікті деңгейдегі сайлау институтын нығайту. Ауылда, ауданда тұратын әрбір жан өзінің және отбасының болашағына өзі жауапты екенін сезінуге тиіс. Олардың пікірі барынша ескерілуі керек. Мен былтырғы Жолдауымда Үкіметке Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл құжаттың жобасын Реформалар жөніндегі жоғары кеңес алдағы уақытта қарайтын болады. Ал, екінші жартыжылдықта мәселені кейінге ысырмай, тиісті заң жобасын дайындауға кірісу керек», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, стратегиялық маңызы бар осы құжаттарда бүгінгі ахуалдың ерекшеліктері ескерілуі тиіс.

«Қазір біз кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындалып жатырмыз. Сайлау биыл шамамен тамыз-желтоқсан айлары арасында өтеді. Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни, 800 жуық елді мекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ», - деді Қ. Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент аудан әкімдерінің тікелей сайлау 2024 жылы өткізу керек деп санайтынын айтты.

«Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Еске салсақ, Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтіп жатыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.
Соңғы жаңалықтар