Президент елді қоғамдық-саяси либералдандыру процесіне жаңа серпін берді - Байбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек америкалық сарапшы Джесси Джейн Даффтың The Washington Times газетінде шыққан мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Партия басшысы бұл жайында өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Америкалық сарапшы Джесси Джейн Даффтың The Washington Times газетінде шыққан мақаласын оқып шықтым. Біздің бұқаралық ақпарат құралдарымыз оның толық аудармасын жариялады. Саясаттанушылар, журналистер мен блогерлер бұған қатысты өз пікірлерін білдірді. Материалдың мазмұнын қайталап жату артық. АҚШ-тың беделді басылымында мұндай мақаланың жариялануы бұл елдің өңірдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге деген айтарлықтай қызығушылығын аңғартады. «Nur Otan» партиясы ауқымды қайта жандануды жүргізіп, өз праймеризін іске қоса отырып, тұрақты түрде демократияны қолдап келе жатқанын көрсетіп отыр. Америка сарапшысы да осыны атап көрсеткен» деп жазады Бауыржан Байбек.


Оның айтуынша, еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап өзін демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде дамытып келеді. Қоғамдық-саяси қарым-қатынастарды либералдандырудың қазіргі нәтижесі – Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі. Олар әуелден «Nur Otan» партиясы лидерінің 2015 жылы қолға алған Бес институционалдық реформасы мен 100 нақты қадамда көзделген болатын.

Кейбір «сарапшылардың» тұжырымына қарамастан, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу партиялық жүйенің даму процесіне жол ашып, алдағы сайлауларда сапалы партиялық тізімдердің рөлін күшейтпек.

«Елбасының тапсырмасымен өткен жылғы тамызда «Nur Otan» «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасын қолға алды. Партиялық кадрлық резервке пилоттық іріктеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, Мәжіліс пен мәслихаттардағы депутаттық фракциялар жұмысы жандандырылып, барлық деңгейде партиялық жауапкершілік күшейтілді. Ауқымды деңгейде партияның «қатары тазартылды», көптеген партиялық комиссиялар мен бастауыш ұйымдар оңтайландырылды, «көрінім» үшін өткізілетін іс-шаралар саны қысқартылды. Партияның қоғамдық қабылдаулары, оның ішінде онлайн-ресурстары арқылы халықпен тікелей коммуникация жасаудың тиімді жүйесі жолға қойылды. Зерттеулерге сәйкес халықтың құқығын қорғау мәселесі бойынша партияға сенім соттан кейін екінші орында тұр» деп атап өтті партия төрағасының бірінші орынбасары.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев сабақтастық саясаты аясында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес елдің қоғамдық-саяси саласын либералдандыру процесіне жаңа серпін берді. Бір жыл ішінде біраз заңдарға, оның ішінде сайлауларға қатысты өзгерістер енгізілді, әйелдер мен жастар үшін арнайы квоталар белгіленді, бейбіт жиындар ұйымдастыру мен өткізу талаптары жеңілдетілді, сондай-ақ парламенттік оппозиция мәртебесі заңмен бекітілді.

«Нәтижесінде қазіргі кезде Қазақстанда саясаттанушылар мен сарапшыларды толғандырып жүрген саяси жаңғыруға қатысты барша мәселелер бойынша елеулі өзгерістер іске асырылды. Партиялардың бәсекелестігі үшін тиісті жағдай жасалды, бұл демократияға қарай эволюциялық тұрғыдан алға басуды қамтамасыз етеді. Партиямыздың алдында үміткерлерді партияішілік іріктеу шарасы тұр. Бұл бүкіл ел көлемінде алғаш рет өткізілмек. Праймериздің міндеті – лайықты әрі мықты лидердерді тарту және «Nur Otan»-ның халықтық партиялық тізімін қалыптастыру. Бұл ретте белсенді әйелдер мен жастар ауқымды деңгейде барынша қамтылмақ. Бәсекелік іріктеу үміткерлердің жеке жауапкершіліктерін арттырып, сайлаушылардың сеніміне ие болған, беделді лидерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша бұл партиялық желі бойынша бірегей әлеуметтік лифтке айналмақ. Американдық және өзіміздің сарапшылардың қатысушылар арасындағы жария дебаттардың маңыздылығын атап өтуі кездейсоқ емес. Әлеуетті үміткерлер арасындағы дебаттар халықты өңірлік және жалпыұлттық мәселелерді талқылауға барынша қатыстыруға мүмкіндік береді» дейді Бауыржан Байбек.

Бірқатар ресурстар мен авторлардың еліміз туралы жағымсыз сипаттағы жарияланымдарды ықыласпен таратып, түсіндірмелер жазып, ал мұндай мақалаларды елеусіз қалдыратыны байқалады.

Бауыржан Байбектің жазуынша, бұл жарияланым – транзит жағдайында Қазақстандағы қоғамдық-саяси процесстерді либералдандыру мен «Nur Otan» партиясын қайта жандандыру нәтижелеріне шетелдіктер тарапынан берілген алғашқы бағалардың бірі.

Даффтың тұжырымы қоғамымыздағы конструктивті ой-пікірлермен үндес. Таяуда белгілі саясаттанушылар мен белсенділер «Nur Otan» жақтастарының Лигасын құру туралы мәлімдегені белгілі. Оның мақсаты – праймериздің ашық өтуіне ықпал ету.

«Біз мұндай бастамаларды құптаймыз. Пандемияға байланысты ахуал тұрақтанысымен лига өкілдерімен кездесу жоспарланып отыр. Сол кезде олардың ұсыныстарын жан-жақты талқыламақпыз. Партия мемлекеттік тәуелсіздігімізді нығайту, Қазақстанды өркендету секілді құндылықтарымызды бөлісе отырып, праймеризге қатысатын, елімізді әрі қарай дамыту бойынша өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салатын барша азаматқа ашық. Билеуші партияда партияішілік бәсеке үшін барлық қажетті жағдай жасалған» деп түйіндейді партия басшысы.


Соңғы жаңалықтар