Президент коронавирустың таралуы туралы: Тәуекелге барып отырмыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус қаупіне байланысты аймақ басшыларына ерекше жауапкершілік артылып отырғанын еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұндай жағдайда аймақ басшылары мен орталыққа бағынышты қала басшыларының жауапкершілігі едәуір салмақты сипатқа ие болуда. Турасын айтқанда – біз тәуекелге барып отырмыз. Бірақ бізде басқа амал да жоқ. Азаматтар үшін қатаң карантин режимі, студенттер мен мектеп оқушыларын, балабақша балаларын қашықтан оқыту – күшінде қалады. Қоғамдық орындарды дезинфекциялап тұру керек. Алайда кәсіпорындарды біртіндеп жұмыс режиміне ауыстырамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.

Осыны айта келе Мемлекет басшысы басты басымдық туралы ұмытпауды еске салды.

«Тағы да бір айтып өтейін: азаматтарымыздың денсаулығы – ең үлкен басымдық осы. Ортақ жұмысымызда осыны әрдайым есте сақтауымыз керек», - деді Президент.

Еске сала кетсек бұған дейін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында ТЖ режимін сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырғанын хабарлаған еді.



Соңғы жаңалықтар