Президент мақаласын Абайды жаңаша түсінудің жаңа әліппесі деп қабылдадым – Жабал Ерғалиев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласы жайлы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, жазушы Жабал Ерғалиев пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақиқатында, өз басым Президентіміздің бұл еңбегін Абайды жаңаша түсінудің жаңа әліппесі деп қабылдадым. Өйткені, бұған дейін Абайдың кей нақылдары мен қара сөздерін, түрлі ғақияларын айтып жүргенімізбен, олардың барлығының да біздің елдігіміз бен мемлекеттілігіміз үшін зор маңызы бар екендігіне ой жүгірте қойған жоқ едік. Бәлкім, содан да болар, «Абай қазақтың тек жаман мінезін ғана теріп айтып кеткен екен ғой» деген жаңсақ пікірлердің шаң беріп қалғаны да жоқ емес, болды.

Бұл еңбегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Абайды біздің ғасырымыздың, яғни, «Жаңа қоғамның жанашыры» ретінде парасатты да пайымды өз ойымен анық та айқын білдіріп отыр. Расында да, Абай бізге бұрынғыдан да енді жақындай түсті, енді ұғынықты бола бастады. Президентіміздің Абайдың ойларын бүгінгі заманның ағымымен және бүгінгі күннің, жалпы барша адамзат баласын толғандырып отырған қазіргі өзекті мәселелерімен байланыстыра талдауы, ендігілердің хакім Абайдың еңбектерін өз еріктерімен қолға алып, оқуларына себепкер болары да анық», - дейді Ж.Ерғалиев

Оның айутынша, Абай расында да ұлттық болмыстың үлгісі. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев өте пайымды зерделеп берді.

«Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз» деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет», – деп Президентіміз данышпанның осы тұжырымдарының қазіргі уақытта да және қашан болсын өзекті болып қала беретіндігін алға тартты», - деп толықтырды Ж.Ерғалиев.

Қоғам қайраткерінің сөзінше, «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», – деген Қ. Тоқаев тұжырымы бүгінгі және келер ұрпақтың санасына берік орнығуға тиісті аталы сөз деп түсінуге болады.

«Президент «Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық», – дей келіп, ендігі арада «шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық», – дегені баршамызды терең ойға жетелейді. Әзірге «Қазақстан» дегенімізде тек «Байқоңырды» ғана атайтын сол шетелдіктер ендігі арада «мен қазақпын» дегенде Абайды бірден ауызға алатын дәрежеге жетсек, бұл ұлт мерейі болар еді! Ол үшін әуелі Абайды барша қазақ – өзіміз тануға тиіспіз. Алда осыған жету үшін бірлесіп атқаратын қыруар істер күтіп тұр», – деп түйіндеді Ж.Ерғалиев.




Соңғы жаңалықтар