Президент сапасыз жанар-жағармай жеткізетін компанияларды анықтауды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сапасыз жанар-жағармай ұлттық қауіпсіздікке тікелей залалын тигізеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дизель отынының сапасына қатысты сын айтылуда. Фермерлер отын сапасының төмен болуы салдарынан өте қымбат ауыл шаруашылығы техникасының істен шығуы фактілерін айтуда. Осыған байланысты Энергетика министрлігі мен әкімдер жанар-жағармайдың көлемін ғана емес, сапасын да қамтамасыз етуді бақылауға алу тиіс», - деп тапсырды Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы сапасыз отынды жеткізу экономикаға, сондай-ақ елдің ұлттық қауіпсіздігіне келтірілген тікелей залал екенін қадап айтты.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметі сапасыз жанар-жағармай жеткізетін компаниялар мен жеке тұлғаларды анықтауы керек. Аталған жағдай елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, экономикалық әлеуетін түсіреді. Мұндай қастық жасайтындардың осы және басқа да ұқсас іс-қимылдарын құқық қорғау органдары тіркеуге алуы тиіс», - деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы аталған залалды іс-қимылдар жасайтындар заң бойынша жауапкершілікке тартылуы керектігін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар