Президент: Саяси реформалардың үшінші топтамасына қатысты заңнамаға түзету енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңарған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жергілікті бизнестің бәсекелесі емес, сенімді серіктесі болуға тиіс. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық кеңес бастамашы болған реформалардың екі топтамасы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Біз қазірдің өзінде сол маңызды бастамалардың жемісін көріп отырмыз. Жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында саяси реформалардың үшінші топтамасын ұсындым. Оған Ұлттық кеңес мүшелерінің, саяси партиялардың, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары негіз болды. Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі дамытып, адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру үшін тың бастамалар көтеру өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент бұл қадамдар саяси бәсекені күшейтетінін, азаматтардың мемлекеттік саясатқа ықпал ету мүмкіндігін арттыратынын атап өтті.

«Саяси реформалардың үшінші топтамасын жүзеге асыру үшін қолданыстағы заңнамаға түзету енгізіледі. Құзырлы органдарға тиісті заң жобаларын жедел әзірлеуді тапсырамын. Ұлттық кеңеске мүше Парламент депутаттары және бүкіл депутаттық корпус бұл жұмысқа белсене кіріседі деп сенемін. Осы саладағы жүйелі өзгерістер ел ішінде ғана емес, халықаралық байқаушылар тарапынан да кең қолдау тапты. Менің бірқатар шетелдік әріптестерім және беделді сарапшылар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы оң пікір айтуда. Олар саяси жаңғырудың сан қырлы және күрделі үдеріс екенін өте жақсы түсінеді», - деді Қ.Тоқаев.

Еске салсақ, Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтіп жатыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.
Соңғы жаңалықтар