Президент тапсырмасы: Қазақстанда су тазалау нысаны іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - NCOC компаниясы қоршаған ортаға шығарындыларды азайту үшін жаңа су тазалау нысанын іске қоспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экология министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.

Министрліктің хабарлауынша, мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген. Осыған байланысты министрлік пен компания арасындағы келісім негізінде нысан құрылысы басталды.

Ол іске қосылғаннан кейін мұнаймен бірге келетін судың құрамындағы ластаушы заттар көлемі төмендеп, қоршаған ортаға зиян азаяды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасовтың өңірге сапары барысында белгілі болды.

Министрлік өкілдері су тазалау ғимаратының құрылысымен танысып, сарқынды суды тазалаудың экологиялық тиімділігі мәселесін талқылады.

«Су тазалау станциясы құрылысын бастарда табиғат қорғау қызметіндегі озық технологияларды қолдану мәселесін ескердік. Аталған жоба өндірістік те, экологиялық та мәселелерді шешеді. Тазаланатын су көлемін арттыру арқылы Астрахань-Маңғышлақ су құбырынан алынатын су көлемін 70%-ға азайтамыз және булану тоғандарына жіберілетін су сапасын жақсартамыз. Суды қосымша тазалау арқылы құрамындағы метанол, мұнай, күкіртсутек, темір және қатты заттардың көлемі азаяды»,- деді North Caspian Operating компаниясы Бас директорының орынбасары Ермек Марабаев.

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Сансызбаевтың сөзінше, бұрын мұнайдан қалған өндірістік сарқынды судың құрамындағы лас заттар көлемі шекті шамадан асып кету жағдайлары тіркелген. Жаңа жоба сол проблеманы жоюға мүмкіндік береді.

«Енді зауытта суды тазалау екі фаза бойынша жүрмек: бірі - өндірісте, екіншісі - осы жаңа станцияда. Су құрамындағы метанолды тазалау 65%-ға, мұнай заттары бойынша 95%-ға, күкірсутек бойынша 75%-ға азайтпақ. Сол себепті бұл экологиялық тұрғыдан өте маңызды шара. Оның үстіне Астрахань-Маңғыстау магистралінен келетін суды Атырау, Маңғыстау облыстарының халқы тұтынады. Оны мұнай компаниясын тұтынуды азайтса, су жергілікті халыққа жеткілікті болады»,- деді комитет төрағасы.

Қазіргі уақытта су тазалау станциясы орнында негізгі құрылыс жұмыстары басталды. Ол 2022 жылдың желтоқсанында аяқталып, нысан 2023 жылдың басында пайдалануға беріледі деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар