Президент тапсырмасы: Қостанайда 45 ойын алаңы салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанай қаласында бірнеше ойын алаңдары бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сілтеме жасап.

Аулаларды дамыту жұмыстары Қостанай қаласында қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Облыс орталығында биыл 17 футбол алаңы, 45 балалар алаңы мен 9 манеж қолданысқа беріледі.

«Әр түрлі спорт құрылғылары, әткеншектер, сырғанағы мен құмсалғышы бар заманауи ойын алаңы пайда болады. Қазір жасанды төсеніші бар 12 футбол манежінің құрылысы басталып кеткен. Нысандар қараша айына дейін тапсырылады. Аулаларды абаттандыру бюджет есебінен жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалардың жалпы құны 440 млн теңгені құрады. Ойын алаңдары талапқа сай жасалады. Балалардың жарақат алуын болдырмау мақсатында қауіпсіздік шаралары ескерілген», - дейді Қостанай қаласы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Наурызбай Мусин.

Айта кетейік, осы жылдың сәуір айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін тапсырған болатын.

«Карантин кезінде ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруға тиіс. Әрине, алдымен, барлық санитарлық нормалар мен санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар