Президент Тоқаевтың қытайшасы таңғалдырды: Қытай ақпарат құралдарына шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 10-12 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары өтті. Мемлекет басшысының Президент лауазымындағы жасаған Қытайға алғашқы сапары мазмұнға толы болды. Қытай Халық Республикасының құрылғанына 70 жыл толуына орай ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен ұйымдастырылған бұл сапардың барысы мен нәтижелері туралы Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары да кеңінен ақпарат таратты. «ҚазАқпарат» ХАА Қазақстан Президентінің осы сапары туралы көрші елдің БАҚ-на шолу жасаған еді.

Айта кетерлігі, сапар қарсаңында, нақтырақ айтқанда 9 қыркүйекте Қытайдың ірі телекорпорациясы CCTV жаңалықтар бағдарламасында Тоқаевтың CCTV тілшісі Шуй Цзуньимен сұхбатының видеосы жарияланған еді.

Осы сұхбат жайында қытайлық guancha.cn веб-сайты: «Тоқаев күтпеген жерден қытай тілінде сұхбат берді» деп жазды.

Ал мемлекеттік сапар туралы жазған ақпарат агенттіктері Президент Тоқаевтың маршрутын маңызды деп жоғары бағалады. Соның ішінде Қытайдың ең ірі мемлекеттік ақпарат агенттігі «Синьхуа» Қазақстан Президентінің Қытайға сапары туралы жан-жақты хабарлап отырды. Агенттік өзінің жаңалықтар сайтында Президент Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин және басқа қытай басшыларының кездесуі туралы бірқатар ақпарат ұсынды.

«Төраға Си Цзиньпин 11 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз өткізді. Мемлекет басшылары екі тараптың бірлескен даму, ынтымақтастық және өзара тиімділік рухында Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік және жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытады деп бірауыздан шешім қабылдады» деп жазды ақпарат агенттігі.

Бұдан бөлек көптеген Қытай БАҚ-тарында «Қазақстан Президентінің қытай тілін жетік білуі қытай халқын таңғалдырады» деген тақырыппен мақалалар жарияланды. Сонымен қатар, ол мақалаларда Президент Тоқаевтың Қытайда оқыған және жұмыс істеген кезеңдері туралы айтылады.

Қытайдың «Global Times» газеті Қазақстан Президентінің Қытайға сапары туралы мақаланы «Қазақстан Президенті: Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы дипломатияның үлгісі» деген тақырыппен жариялады.

Global Times газетіндегі мақалада: «Қазақстан Президенті Қытай Қазақстанның егемендігін және аумақтық тұтастығын бірінші болып мойындаған елдердің бірі, Қазақстанға ешқандай шартсыз кепілдік беретін ірі елдердің бірі болып табылады. Сонымен бірге, Қазақстан «біртұтас Қытай» қағидатын берік қолдайды. Екі халық арасындағы тарихи байланыс пен өзара түсіністік екі ел арасындағы қазіргі заманғы қатынастардың табысты дамуына негіз болды» деген жолдар бар.

Қытайдың «DuoWei News» басылымы: «Президент Тоқаев – Қазақ және Қытай халқына деген терең сезімі бар әйгілі синолог» деп жазды.

«Тоқаев Қытайдағы Кеңес елшілігінде жұмыс істеген және Қазақстанның Сыртқы істер министрі, Қазақстан үкіметінің премьер-министрі, ҚР Парламенті жоғарғы палатасының спикері және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары сияқты маңызды лауазымдарда қызмет еткен. Оның пікірінше, ежелгі Жібек жолы Қазақстан мен Қытайды тығыз байланыстырады» дейді DuoWei News.

Қытайдың саяси талдаулар жасайтын тағы бір танымал сайты ThePaper.cn өзінің мақаласында Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас үшін Президент Тоқаевтың сапары өткен күн және болашақ үшін маңызды болғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басты, жаңа мүмкіндіктермен қатар қиындықтарға тап болады. Сонымен бірге, Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының жаңа дәуірі басталды. Осындай кезеңдегі осы сапар Қазақстандағы ең жоғарғы билік ауысқаннан кейін, екі ел арасындағы қатынастар қандай бағытта дамитынын нақтылайды. Тоқаев - Қытайды жақсы білетін көшбасшы. Ол Президент болып сайланғаннан кейін Қытайға деген көзқарасы өзгерді ме, Назарбаевтың Қытайға қатысты саясатын жалғастыра ма, осы мәселелер қытайлық сарапшылардың назарында болады», - деді ThePaper.cn.

Бұдан бөлек, мақалада сонымен Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа назар аударылды. Газеттің жазуынша, Қытай-Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастығының даму қарқыны өте жақсы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ханчжоуға сапары туралы ThePaper.cn : «Тоқаев қытай-қазақстандық сауданы әртараптандыруға үміт артып отырғанын көруге болады. Бұл әсіресе инновация, қазіргі технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің бұл маршруты соның ішінде ауылшаруашылық кооперациясыларының келешегі Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық үшін маңызды тарту болады» деп жазды.







Соңғы жаңалықтар