+7 (701) 759 90 19
USD 414.77 EUR 506.81
RUB 5.64 CNY 64.32
Jańalyqtar

Президенттің 7 саяси бастамасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды

2021 жылғы 15 қаңтар 16:56
Бөлісіңіз:
Президенттің 7 саяси бастамасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін 7-ші шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар саяси бастама көтерді. Бұл бастамаларды Мемлекет басшысының Президент лауазымына кіріскеннен бергі қолға алып жатқан саяси реформалардың үшінші топтамасы десек артық айтқандық емес. Есте болса, реформалардың алғашқы топтамасы аясында партияға тіркеу жеңілдетіліп, партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілсе, екінші топтамада азаптауға, адам саудасына қарсы іс-қимыл және азаматтарды, әсіресе балаларды кибербұзушылықтан қорғау үшін заңнаманы жетілдіру мәселері көтерілген болатын.

Ұқсас жаңалықтар
Мемлекет басшысы Өзбекстанның Сыртқы істер министрін қабылдады Президент Нұртілеу Иманғалиұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты

Ал осы жолғы бастамалар нақты 7 бағытты қамтиды. Бірінші бағыт құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайтуды, мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізуді, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуды, құқық қорғау органдарының жұмысын барынша өзгертуді, азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгізуді көздейді.

«Қоғамдық қауіпсіздік жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Парламент заң үстемдігі, адал бәсеке және жеке меншікті қорғау қағидаттарының құқықтық негізін нығайта түсуі керек. Сонда бұл қағидаттар мүлтіксіз орындалатын болады. Бүгінде бірқатар заңнамалық ұсыныстар бойынша жұмыс істеліп жатыр. Дегенмен, әлі де көптеген тың бастама көтеріп, заңдар қабылдау қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президент бастамасының екінші бағыты қуаты әрі инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Оның аясында адами капиталды дамыту бойынша кезең-кезеңімен жұмысар жүргізіліп, білім саласында қордаланып қалған бірқатар проблема шешімін табады. Түрлі әлеуметтік топтар мен өңірлер арасындағы білім сапасы алшақтығы қысқарады. Жұмысшыларды қайта оқыту және олардың дағдыларын үнемі жетілдіру бойынша жаңа саясат әзірленеді. Бұл мақсатта арнаулы ұлттық жоба әзірленіп жүзеге асырылады. Пандемия жағдайында өзектілігін көрсеткен отандық денсаулық сақтау саласы да жаңғыртылады. Бұл ретте еліміздің денсаулық сақтау жүйесі пациенттердің мүддесі мен денсаулығын, өмірін алдыңғы орынға шығарады. Осы уақытқа дейін Үкімет тарапынан қайта қаралған бұқаралық және балалар спортын қаржыландыру әдістері Парламент депутаттарының үнемі бақылауында болады. Аз қамтылған азаматтарға атаулы мемлекеттік көмек күшейтіледі.

«Әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір негізгі бағыты – отандық зейнетақы жүйесі. Ол әділетті, тұрақты, адамдардың мүддесіне жауап беруі тиіс. Біз өте маңызды, бірегей реформаны - зейнетақы активтерін ішінара алу мүмкіндігін іске қостық. Бұған қоса, түрлі тетіктер арқылы азаматтарға өздерінің жинақтарын басқару мүмкіндігін беру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін ары қарай дамыту тұжырымдамасын даярлап жатыр. Оны іс жүзінде жүзеге асыру сапалы заңнамалық қамтамасыз етуді қажет ететіндігі сөзсіз. Жалпы, Парламенттің жаңа мүшелерінен әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша белсенді жұмысты күтемін», - деді Президент.

Үшінші бағытта Үкімет экономикалық белсенділікті қолдауға бағытталған контрциклді макроэкономикалық саясатты жалғастыру, фискалды саясатты жетілдіру аясында Салық кодексіне тексеру жүргізу, шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аудару көзделеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды осы жылдың алғашқы жартыжылдығының соңына дейін Ұлттық жобаларға айналдырады.

Төртінші бағыт аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуын қамтиды. Бұл ретте барлық өңірлерді біртұтас экономикалық кеңістік арқылы байланыстыратын аса маңызды салаларды дамытуға баса назар аударылады. Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауыл жаңғыртылады. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді.

«Бесінші. Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Осы жаңғырудың негізгі қағидаты – барлық өзгерістерді жалпыұлттық диалог пен мәмілеге сүйеніп, эволюциялық жолмен жасау», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, мәслихат сайлауына пропорционалды жүйені енгізу партиялардың өңірлердегі белсенділігін арттырды. Сондай-ақ, азаматтарды жергілікті жердегі саяси үдеріске барынша тартуға жағдай жасады.

«Тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан, алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады. Алайда, мұнымен де шектеліп қалмауымыз керек. Саяси жүйені орнықтырып, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың ықпал етуін күшейте түсу үшін тың серпін қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы бағыт аясында саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету, болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасау қажеттігін де баса айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 6-шы бағытта азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау мәселелеріне назар аударды. Онлайн-петиция институтын заң жүзінде ресімдеу, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру, қайырымдылық шараларына және волонтерлік жобаларға атсалысатын бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға түрлі жеңілдіктер берілу қажеттігін атап өтті.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты ұлттық жоба, мемлекеттік жастар саясаты және волонтерлік қызмет туралы заңдар дайындалып жатыр. Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін» енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады«, - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті жетінші бағытта адам құқықтарын толық қорғау мәселесіне назар аударады.

»Бұл ретте, азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдау, омбудсмен институтын, ең алдымен, аймақтарда күшейту, адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайту, бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастыру қажеттігін атап көрсетті.

»Ұсынылған бастамалар – қазір күн тәртібінде тұрған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бір бөлігі ғана. Оның көптеген бағыты бойынша қажетті заң жобалары талқыланып жатыр. Депутаттар бұл жұмысқа белсене қатысып, Үкіметпен сындарлы қарым-қатынас орнатуы қажет деп санаймын. Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу«, - деді ҚР Президенті.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT