Президенттің құттықтау сөзінде қандай маңызды шаралар айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңажылдық құттықтауында 2020 жылы болатын маңызды шараларды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізді одан әрі жаңғыртуға және демократияландыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдадым. Түрлі пікірлерге қарамастан, біз - біртұтас халықпыз. Ұлы бабаларымыз мұра етіп қалдырған ұлттық бірлікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Алда маңызды реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша күрделі жұмыстар күтіп тұр», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар жүзеге асырылғанын атап өтті. Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы, зейнетақы, жәрдемақы және студенттердің стипендиясы көбейетінін жеткізді.

Атап айтқанда, мұғалімдер жалақысы - 25 пайызға, мәдениет саласы қызметкерлерінде - 35-50 пайызға және әлеуметтік қызметтерде - еңбекақы 30-60 пайызға көтеріледі. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған мұғалімдерге 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі, ал магистр дәрежесі бар дене тәрбиесі және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне және әскери оқу орындарының оқытушыларына қосымша 10 АЕК төленеді.

Сонымен бірге, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақтық зейнетақы 7% -ға өседі, ал оның ең төменгі мөлшері 38 636 теңгені құрамақ. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 5 пайызға артып, ең төменгі мөлшері - 16 839 теңге болады.

Ал Жастар жылының ресми жабылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттер шәкіртақысы 25 пайызға артатынын мәлімдеді. Осылайша, бакалавриат студенттеріне арналған стипендия 26 186 теңге, магистратураға - 66 913 теңге, докторантура үшін - 102 498 теңге төленеді.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және сот жүйесінде де ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын еске салды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда зорлық-зомбылық пен педофилия қылмысы үшін жаза күшейтілді.

Президент қол қойған Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша ҚР Заңы арқылы зорлау (Қылмыстық кодекстің 120-бабы) және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері (ҚК 121-б.) орташадан ауыр санатқа ауыстырылды (ҚК 120-бабының 1-бөлігі, 121-бабының 1-бөлігі – 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру). Бұған дейін зорлау қылмысы орташа санатта болды және қос тараптың ымыраға келуіне, істі сотқа жеткізбеуге мүмкіндік берілетін. Енді бұл санаттағы қылмыс бойынша мәмілеге келуге тыйым салынады.

Жас балаға қатысты зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі, 121-бабы) 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ғана көзделген. Жас балаларды өлтіргені үшін де осындай жаза беріледі. Енді педофилия фактілерін хабарламағаны, жасырғаны және бұрмалағаны үшін (ҚК 416, 432, 434-баптары) жазаның ең жоғары мерзімі - 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Одан бөлек, Президент өз құттықтауында Президенттік жастар кадр резервінің жұмысын атап өтті. Бұл арқылы Президент білімі озық, ойы ұшқыр жастарға жағдай жасап, жол ашатындарын айтты.

25 желтоқсанда Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 үздік қазақстандықтың тізімі жарияланды. Президент бастамасына алғашында 13 мыңнан астам қазақстандық қатысуға ниет білдірген еді. Қатысушыларға отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс деген талаптар қойылды.

Жеңімпаздар арасында жеке сектордың 106 өкілі, квазимемлекеттік сектордың 98 қызметкері және 96 мемлекеттік қызметкер бар. Кандидаттардың 58% алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар, 42% - қазақстандық ЖОО түлектері. 6 адам ғылым докторы, 204 адам - магистр дәрежесіне ие. Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31-ді құрады. Ұлттық комиссияның қарауына таңдалған үміткерлер қатарына түрлі ұлт өкілдері бар, соның ішінде қазақтар, орыстар, әзербайжандар, армяндар, немістер және татарлар бар.

Сонымен бірге, Президент 2020 жылы өтетін мерейтойларды ысырапшылдыққа жол бермей, мазмұнды ой тудыратын деңгейде өткізу қажеттігін айтты.

«Келер жылы Конституциямыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Ұлы даламыздың даңқты тарихын жан-жақты дәріптеуге ерекше көңіл бөліп келеміз. Абайдың, Әл-Фарабидің мерейтойларына дайындық жұмыстарын бастадық. Алтын Орданың 750 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өтетін болдық. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2020 жыл Қазақстанда Еріктілер жылы деп жарияланған. 2019 жылдың 27 тамызында Мемлекет басшысы 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялау туралы Жарлық шығарды. ОСыған орай, елімізде qazvolunteer.kz бірыңғай волонтерлік платформа өз жұмысын бастады.



Соңғы жаңалықтар