Проблемалы кредиттер бойынша сервистік институт құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Проблемалы кредиттер бойынша сервистік компаниялар институты құрылады. Бұл туралы стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер туралы заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заң жобасында сервистік компаниялар институтын құру көзделеді. Олар инвесторларға проблемалы кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін іске асырады. Сервистік компаниялар институтын дамыту - стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін қажетті жағдай жасайды», - деді М. Әбілқасымова.

Оның айтуынша, сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік түрде басқарады, өндіріп алудың жеке стратегиясын әзірлеп іске асырады және стрестік активтердің иелеріне басқа да қызметтер көрсетеді

«Сервистік компаниялардың функцияларын тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады. Заңға тәуелді норма аясында сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы секілді жоғары талаптар белгіленеді», - дедің агенттік басшысы.

Агенттік белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

«Бұл қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі аталған ұйымдар Агенттіктің реттеу құзырына жатады», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Атап айтқанда, бұл құжат аясында банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2016 жылдан бастап банк секторын қалыпқа келтіру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 6,7 трлн теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылды. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрады.


Соңғы жаңалықтар