Прокуратура балалар үйіндегі жағдайды камера арқылы бақылап отырады - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен өңірдегі балалар үйлерінде «бұлтты» бейнебақылау жүйесі қосыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы балалардың құқықтарын қорғау бойынша тапсырмаларды орындау мақсатында ШҚО прокуратурасы балалар үйлері мен интернаттарда «бұлтты» бейнебақылау жүйесін енгізуге бастама жасады.

«Бұл жаңашылдық балалар құқығына қарсы әрекеттерді болдырмау мақсатында облыс әкімдігімен бірлесіп іске асырылуда. Осының нәтижесінде бейнежазабаларды қазіргі уақытта көруге және оларды жою немесе өзгерту мүмкіндігінсіз 90 күнге дейін серверде сақтауға мүмкіндік тумақ. Барлық келіп түскен ақпарат бұлтта сақталады. Бұл ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтап, деректердің таралып кетуіне кедергі келтіреді», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бүгінде жүйе Аягөздегі балалар орталығына қосылған. Ғимаратта және мекеме аумағында бейнекамералармен қамтылмаған орындар анықталып, онда қосымша 17 бейнекамера орнатылды. Барлығы 62 камера іске қосылған.

«Жақын арада «бұлтты» бейнебақылау облыстағы тағы екі мекемеге – Семей қалалық интернатына және Өскемен қаласының балалар үйінде орнатылмақ. Сонымен қатар барлық мекемелерде прокурорлар мен полицейлердің арнайы бекеттері құрылды. Мұның бәрі бақылауды күшейтуге және балалар үйлері тәрбиеленушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар