Прокуратура өкілі Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзартуды сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту туралы тергеу органының өтінішін қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот отырысына қорғаушы тарап ретінде адвокаттар Серік Сағалиев, Дмитрий Куряченко, Нұрлан Бейсекеев және айыпталушы Елжан Біртановтың өзі қатысты.

Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішті Бас прокуратура өкілі Төлеген Жараспаев жеткізді. Прокуратура өкілі өз сөзінде үйқамақта ұстау мерзімін тағы бір айға – 2021 жылдың 14 маусымына дейін ұзартуды, Е.Біртановқа медициналық мекемелерден басқа нысандарға үйден шығуға рұқсат бермеуді сұрады.

Прокуратура өкілінің айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде Денсаулық сақтау министрлігі 2015 жылы хорватиялық Ericsson Nikola Tesla фирмасымен «Денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және біріздендіру платформасы» атты автоматтандырылған ақпараттық жүйені 17,8 млн АҚШ долларына жеткізу туралы келісімшарт бекіткені белгілі болған. Ол жүйе 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 17 емдеу мекемесінде пилоттық пайдаланудан өтіп барып, республика бойынша енгізілуі керек болған.

Тергеу деректерінде «аталған платформа пайдаланылып жатқан жоқ», «Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланбаған», «бұл пандемия кезінде денсаулық сақтау органдарының жұмысына теріс әсер етті» деген қорытынды ұсынылған.

Экс-министрдің үйқамақ мерзімі 14 мамыр күні аяқталуы керек болған. Қорғаушы тараптан сөз алған адвокаттардың іске қатысты деректерінің молдығын ескерген судья Айбек Әбу сот отырысын ертең, 6 мамырда жалғастыру туралы шешім шығарды.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былтыр маусым айында қызметінен босатылған болатын. Ал күзде экс-министр бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған.

Еске салсақ, өткен айда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы министр Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзартып, бірақ үйден шығуға рұқсат берген еді.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифингінің бірінде бұрынғы министрдің сот берген мүмкіндікті пайдаланып, коммерциялық құрылымда жұмыс істеп жүргенін мәлім еткен.


Соңғы жаңалықтар