Прокурордың негізгі процестік шешімдерді келісуінің жаңа тәртібі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов прокурордың негізгі процестік шешімдерді келісуінің жаңа тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Е-қылмыстық іс» платформасында прокурордың негізгі процестік шешімдерді келісуінің жаңа тәртібі толық іске асырылуда. Бұл қылмыстық істер материалдарына жедел қолжетімділікті және бұзушылықтарды уақтылы анықтауды қамтамасыз етеді» -деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің цифрлық жобаларын таныстыру барысында.

Оның айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында берілген тапсырмасын орындау аясында енгізілді. Осыған байланысты, Бас прокуратура қолданыстағы қылмыстық-процестік заңнамасына бірқатар өзгерістер дайындады. 2020 жылдың 1 қазанынан бастап пилоттық режимде бұл жұмысқа барлық өңірлер қосылды. 2020 жылғы 31 желтоқсаннан бастап «Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы» заң күшіне енді. Онда прокурордың негізгі процестік шешімдерді келісу рәсімі көзделген.

«Бұл жұмыстың мәні тергеуші адамды күдікті деп тану, әрекетті саралау, қайта саралау, мерзімдерді үзу, істі тоқтату туралы өзінің шешімін, сондай-ақ адамды айыптау хаттамасын және бұйрық өндірісін қолдану туралы қаулыны электрондық түрде «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінде қалыптастырады», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бұл ретте прокурор онлайн режимде белгіленген мерзімде олардың заңдылығын тексереді. Заңның бұзылуы анықталған жағдайда шаралар қабылдайды. Прокурордың келісуі мен бекітуінсіз жоғарыда көрсетілген процестік шешімдердің заңдық күші болмайды. Бұдан басқа, қылмыстық процеске қатысушылар қабылданған процестік шешімдерді қашықтан қадағалауға, келіспеген жағдайларда оларға уақтылы шағымдануға мүмкіндігі бар.

«Мұндай модель іс жүргізу құжаттарын дайындау уақытын және тергеу мерзімдерін қысқартады. Қылмыстық қудалау аясында заңсыз жауапқа тартылған адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Осы жаңалықтарды іске асыру қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің бірінші кезеңі болып табылады», - деді ол.

Бас прокуратура мәліметінше, 2021 жылдың басынан Қылмыстық-процестік кодекс аясында прокурорлармен 29 934 шешім келісілді және бекітілді. 4 101 шешім бойынша келісуден және бекітуден бас тартылды.


Соңғы жаңалықтар