«QazCovid-in», «Спутник V», AstraZeneca: Қазақстан коронавирусқа қарсы қай вакцинаны қолдануы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус індетінен зәрезап болған әлем жұртшылығы бұл күндері осынау вирусқа қарсы тұрарлық вакцина жасауға қауқарлы ғалымдардың қолына зор үмітпен қарап отыр. Ғалымдар да бос отырған емес.

Індет таралған сәттен бері әлемнің 100-ден астам елінің ғалымдары тосыннан келген ауруға тосқауыл боларлық вакцина әзірлеу ісіне белсене кірісіп кеткені де белгілі. Алғашқы нәтижелері де бар. Бірақ, ол нәтижелердің коронавирустың алдын алуға қауқарлы екендігін айтуға әлі ерте. Мәселен, көрші Ресей елінің ғалымдары «Спутник V» вакцинасын қазіргі уақытта 35 мыңнан астам мәскеулік салдыртуға өтінім бергені белгілі. Қазақстан Үкіметі ресейлік тараппен дәл осы вакцина өзінің тиімділігін, қауіпсіздігін көрсетсе, сатып алуға ниетті екендігін білдіріп, алдын ала келісімге қол да қойған болатын.

Дегенмен, бірінші компоненті бірден, екіншісі - 21 күннен кейін салынатын ресейлік вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтіріп жатқандар да баршылық. Осыған орай бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында қатысқан еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға БАҚ өкілдері ресейлік вакцинаға қатысты түсініктеме беруін сұраған еді.

«Біз көптеген өндірушімен, оның ішінде ресейлік те өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазақстан вакцинаны жалпы қолдануға ресми тіркелген жағдайда ғана пайдалануға рұқсат беретіндігін түсінгеніміз жөн. Яғни, аталған вакцинаның тиімділігі, қауіпсіздігі тексерілуі тиіс. Сондықтан да бізде қолдаылатын кез келген вакцина осы процедуралардың барлығынан өтуі керек. Вакцина клиникалық сынақтың соңғы сатысынан өтуі қажет. Осыған орай жанама әсері немесе тиімділігі дәлелденбеген кез келген вакцина Қазақстан аумағына кіргізілмейді», - деп сендіреді Денсаулық сақтау министрі.

Күні кеше 1 және 2 кезеңде сынақтан сәтті өтуіне байланысты нарыққа алғашқылардың бірі болып қолданысқа шығады-ау деген үмітті оятқан британдық Оксфорд университеті мен AstraZeneca жасаған коронавирусқа қарсы вакцинаның соңғы клиникалық сынақтары тоқтатылды. Бұған вакцинаның Ұлыбританиядағы қатысушыларының біріне кері әсер беруі түрткі болған еді. Алайда сол күні Үкімет отырысында барысында Алексей Цой аталған компанияның вакцинасын сатып алу туралы келіссөздер жүргізіліп жатқандығын айтып қалған-ды. Сондықтан жоғарыда аталған баспасөз мәслихатында AstraZeneca вакцинасына қатысты пайымымен бөлісуіне тура келді.

«Кез келген вакцина немесе кез келген дәрі-дәрмек клиникалық сынақ барысында белгілі бір процедурадан өтеді. Оксфордтық вакцинаға бойынша жанама әсерлерінің болу мүмкіндігіне қатысты мәселе көтерілді. Дегенмен, комиссия жиналып қарап, содан кейін орын алуы мүмкін әсердің нәтижесі жария етіледі. Біз мұндай ресми дерекөзінен келетін әрбір жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз», - деді Алексей Цой.

Еліміздің ғалымдары да коронавирус инфекциясына қарсы «QazCovid-in» вакцинасын әзірлеп, осы айдың ішінде 244 еріктегі клиникалық сынақ өткізуді жоспарлап отырғаны белгілі. Бұл вакцинаны да Денсаулық сақтау министрлігі жіті назарда ұстап отыр.

«Қазақстандық вакцина қазір сынақтың 1-2 фазасына көшіп жатыр. Қазіргі уақытта олар келісім алу сатысында. Біз оған үлкен үміт артып отырмыз. Клиникалық зерттеу кезеңдері өткеннен кейін клиникаға дейінгі сынақ кезіндегі тұрақты тиімділігін көретін болсақ, онда бұл вакцина барлық сынақтардан өткен соң Қазақстанда тіркеліп, нарыққа жіберіледі. Сондықтан бұл жұмыстардың барлығын тыңғылықты жүргізіп жатырмыз. Әр вакцинаға барынша жіті қараймыз. Сарапшыларымыз бұл мәселемен айналысып жатыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар