Рәміздерді қадірлей білеміз бе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. Әлемнің кейбір мемлекеттерінде рәміздер күні ретінде арнайы күн аталып өтетін болса, кейбірінде арнайы мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Ал кейбір елдер бұл күнді арнаулы дата ретінде қарастырмайды.Қазақстан мемлекеттік рәміздерге, оның статусына, қолданылу тәртібіне айрықша ден қойған елдер қатарында. Олай болса бүгінгі мақаламызда мемлекеттік рәміздерді пайдалану, оның мемлекет пен оны мекендеуші халық өміріндегі орнына қатысты әлемдік тәжірибелерді және елімізде тәуелсіздік жылдары осы салада қабылданған заңнамалық өзгерістер және оның қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолында атқарар рөліне қысқаша тоқталатын боламыз, деп жазады Strategy2050.kz.

2007 жылғы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» N 258 Конституциялық заңына сүйенсек мемлекеттік рәміздерге Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, сондай-ақ Мемлекеттік Гимн жатады. Қазақстанда Мемлекеттік рәміздерді дайындау, тарату және оны пайдалану қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.

Әр дәуірде түрлі мемлекеттердің, ұлттардың өзіне жақын тартқан және қадірлеген символдары, әпсаналар мен тарихи оқиғаларға негізделген ерекше белгілері болғаны тарихтан белгілі. Ежелгі замандарда бұл символикалардың кейбірі халықтың діни таным-түсінігіне, қалыптасқан өмір шарттарына, табиғи ерекшеліктерге сәйкес пайда болып, сан ғасырлар бойы адамдармен бірге жасау арқылы бүгінге дейін жалғасып келді.

Әлемнің көптеген мемлекеттерінде мемлекеттік рәміздер, елдің жалаулары, қастер тұтатын символдық белгілердің тарихи астары, діни және патриоттық сезімге негізделген мазмұнға ие. Мәселен, еуропалық және көптеген батыс мемлекеттерінің байрақ-жалауларында христиан дінінің, еврейлерде иудаизмнің, мұсылман мемлекеттерінің көпшілігінде жасыл түстің, айдың белгісі немесе ислам дініне қатысты өзге де атрибуттардың нышаны айқын сезіледі. Сондай-ақ, әлемде мемлекеттерден бөлек, көптеген жеке елді мекендердің, қалалардың да дербес рәміздері бар екенін де айта кетуге болады. Бұған қарап, символизм, рәміз мазмұнында елдің, елді мекеннің, сол жерді мекендеген халықтың жылдар бойы қалыптасқан тарихи санасы, өмірлік принциптері, құндылықтары рөл ойнайтынын байқауға болады.

Бұған шетелдік жалауларды есептемегенде кешегі Көктүріктер, Алтын Орда, Қазақ хандығы және Алаш партиясының дербес байрақтарының болғаны және қастерлі символ ретінде маңызды іс-шараларда, соғыстар мен келіссөздер кезінде кеңінен қолданылғаны белгілі. Тіпті, қазақ халқында әр рудың өзіне тән жеке белгілері мен байрақтарының болғаны тарихи деректерден белгілі. Қазақ руларының белгілері мен символдары Таңбалы Тас ескерткіштерінде тасқа қашалып, бүгінге дейін жетіп отыр. Ал бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда да елдің символына, азаматтардың мақтанышына айналған мемлекеттік рәміздер де бар.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін экономика, саясат, идеология және әлеуметтік салаларда дамудың жаңа бағытын таңдады. Осы ретте, мемлекеттің жаңа рәміздерін таңдау да уақыт талап еткен жаңа өзгеріс болатын.

Кеңес Одағы ыдырайтын, тәуелсіздік алатын жылдар таяған уақытта белгілі тарихшы, академик, ҚазақКСР халық депутаты Манаш Қозыбаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның заман талабына сай жаңа гербі мен әнұранын дайындау қажеттігі жөнінде арнайы хат жазып, бұрынғы символиканың жеке басқа табынушылық белең алған, ескі идеология заманында жазылғанын, сол үшін жаңа мәтінде ұлттық бояу, тәуелсіздік элементтерін енгізу қажеттігі туралы ұсыныстарын алға тартқан болатын. Бұл еліміздің жаңа рәміздерін дайындау жөніндегі жұмыстарға серпін бергенін айта кеткен жөн.



Соңғы жаңалықтар