Ресей әуежайларында қалып қойған қазақстандықтар қашан елге орала алады

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Ресей Федерациясындағы ҚР Елшілігі Мәскеу, Омбы және Екатеринбург әуежайларынан елге ұша алмай қалған қазақстандықтардың транзит мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«РФ Үкіметінің шет елдердің және осы елдің азаматтығы жоқ азаматтарды елге кіргізуге шектеу қою туралы қаулы шығаруына байланысты басқа мемлекеттерден Отанына транзит арқылы келе жатқан қазақстандықтар Ресей әуежайларында қалып қойды. РФ-дағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері COVID-19 коронавирусының таралуына қарсы жедел әрекет ету шарасы аясында ҚР СІМ-мен күш біріктіре отырып тәулік бойы отандастарымызбен байланыста отыр» делінген хабарламада.

Елшілік мәліметіне сай, Внуково әуежайында Қазақстанның 15 азаматы бар. Оның 11-і Доминикан республикасынан транзитпен келе жатқан. Сондай-ақ, Германия, Шри-Ланка, Нячанга (Вьетнам) және Гоадан (Индия) келе жатқан 4 жолаушы бар.

Олар Мәскеуге Azur Air әуекомпаниясының ұшағымен келген. Бұл компанияның өкілі Дмитрий Шабановтың айтуынша, жолаушыларға келгелі бері ыстық тамақ беріліп келеді.

Одан бөлек, Омбыда 26 қазақстандық жолаушы (Нұр-Сұлтан, Павлодар және Петропавл қалаларының тұрғындары) әуе рейстерінің тоқтатылуына байланысты қалып қойып отыр.

19 наурыз күні жергілікті уақытпен 20:00-де Екатеринбургтегі «Кольцово» әуежайына Пхукеттен (Таиланд) Azur Air әуекомпаниясының ұшағы келіп қонды. Осы ұшақпен 11 жерлесіміз келген болатын. Қазандағы ҚР Бас консулдығы олармен ұдайы байланыста отыр.

20 наурыз күні барлық Қазақстан азаматтары жергілікті уақыт бойынша 16:25-те Air Astana рейсімен Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шығады. Қазіргі сәтте олар әуежайдың транзиттік аумағында оқшауланған қонақүйлерде орналасқан.


Соңғы жаңалықтар