Ресей дәрігерлері Қазақстан өңірлерінде коронавируспен күреседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы рейспен келген ресейлік дәрігерлер қазақстандық әріптестеріне коронавирус індетімен күреске көмек көрсететін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін менің әріптесім - Ресей Денсаулық сақтау вице-министрі Олег Гриднев бастаған 32 адамнан тұратын дәрігерлер тобы келіп отыр. Бұл сапар екі ел басшылары деңгейінде қол жеткізіліген уағдаластық арқасында орын алуда. Сапар мақсаты - коронавирус індетімен кұресте тәжірибе алмасу. Қазақстан мен Ресей дәрігерлері араасында тығыз байланыстың ертеден қалыптасып үлгергендігі құпия емес. Біз оны алдағы уақытта дамыта түспекпіз», - деді елорда әуежайында Ресейден келген әріптестерін қарсы алған ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.

Оның атап өтуінше, Ресейден келген дәрігерлер Нұр-Сұлтан қаласының, сонымен қатар еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты батыс не болмаса оңтүстік өңіріміздің медицина қызметкерлеріне көмек көрсететін болады. Дегенмен, қазіргі уақытта ресейлік дәрігерлердің қай өңірлерге баратындығына қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Сонымен қатар ресейлік дәрілерлердің елімізде қанша уақыт көмек көрсететіндігін нақты айқындалған емес. Қажеттілік туындаған жағдайда олардың еліміздегі сапары ұзартылуы да мүмкін.

«Әріптестерімізбен белгілі бір өңірдегі ахуал тұрақтанғанға дейін ресейліктердің бізден бірге болатындығы туралы уағдаластыққа қол жеткізілген едік. Біз онлайн режимінде инфекционист, эпидемиолог дәрігерлерімізбен де бірқатар семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қазақстандық және ресейлік дәрігерлердің бірлесе әзірлеген әзірлемелерінің бүкіл ел аумағында қолданылуына қол жетімді болуы үшін жасалады», - деді Марат Шоранов.

Бұған дейін Ресейден бір топ дәрігердің Қазақстанға келгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар