Ресейдегі халықаралық турнирде екі боксшы жартылай финалға шықты

None
None
НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейде бокстан Санкт-Петербург губернаторының кубогында бүгін екі қазақстандық жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.

Алғашқы жолдама 60 келі салмақта түсті. Қазақстандық Бекнұр Ожанов үндістандық Вариндер Сингхті жеңді.

Ал 69 келіде Асланбек Шымбергенов таиландтық Вутичай Масукты тізе бүктірді. Осылайша жартылай финал жолдамасына қол жеткізді.

Халықаралық турнирде бүгін 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов өзбек боксшысы Дилшод Рузметовпен қолғап түйістіреді.

Айта кетейік, халықаралық турнирде әлемнің 15 елінен 100- ге тарта боксшы келді. Қазақстан атынан жарысқа 9 салмақта 10 былғары қолғап шебері аттанды. Олардың арасынан 19 сәуірде Закир Сафиуллин 63 келіде қарсыласына есе жіберіп, жарыстан шығып қалды.



Соңғы жаңалықтар