Ресейден импортталатын бидай түрлі «сұр» схемамен өткізіледі - Қайрат Миятов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейден импортталатын бидай көбінесе түрлі «сұр» схемамен өткізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлім етті, деп хабаралайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтырдан бері жоба аясында бидай экспорттаушылар үшін ерекше тәртіпте қосылған құн салығын қайтару ескерілген. Қанатқақты жоба саланы сауықтыруға және адал емес бәсекелестікті жоюға бағытталған. Жалпы, 2019-2021 жылдары астық импорты 157 млрд теңгеге сомасына 2,7 млн тоннаны құрады (орташа баға – 57 мың теңге). Оның ішінде Ресей Федерациясынан 145 млрд теңгеге 2,7 млн тонна шамасында астық (орташа баға – 54 мың теңге) кіргізілді. Өз кезегінде, астық экспорты 2,1 трлн теңге сомасына 20,2 млн тоннаға жетті (орташа баға 103,6 мың теңге). Оның ішінде Ресейге 55 млрд теңгеге 441 мың тонна (орташа баға 125,2 мың теңге) жөнелтілді», - деп тоқталды Қ. Миятов.

Осы орайда ол 2019-2021 жылдары астық пен ұнды экспортқа шығаратындарға 127 млрд теңге мөлшерінде қосылған құн салығы (ҚҚС) қайтарылғанын айтты. Оның ішінде 2019 жылы 21 млрд теңге, 2020 жылы 27 млрд теңге, 2021 жылы 50 млрд теңге қайтарылды.

Оның айтуынша, Ресейден импортталған бидайдың үшінші елдерге, оның ішінде «сұр» схемалар бойынша кері экспорттау және олар бойынша ҚҚС өтеу тәуекелдері бар екенін ескеру керек.

«Ресейден импортталатын бидай көбінесе түрлі «сұр» схемаларда пайдаланылады. Аталған көрші елде бидай құны арзандау болғандықтан, біздің экспортаушылар өнімді олардан сатып алуға тырысады. Мұндай тәуекелді болдырмау үшін Комитет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ҚҚС-ты жеңілдетілген тәртіпте қайтару бойынша қанатқақты жобаны іске асырды. Жоба аясында нарықтағы заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылады. Атап айтқанда, бұл жобаға қатысатыны жөнінде меморандум бекіткен экспорттаушыларға ҚҚС-ты қайтару тексерусіз жүргізіледі. Бұл мемлекет пен бизнестің бірлескен саясаты. Басты мақсат - бұл саланы сауықтыру және адал емес бәсекелестікті жою», - деді Қайрат Миятов.


Соңғы жаңалықтар