Риддер тұрғындарына арналған баспананың құрылысы қалай жүріп жатыр

None
None
РИДДЕР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов дала өртінен зардап шегіп, баспанасыз қалған Риддер тұрғындарына арнап салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында аймақ басшысы Instagram парақшасында жазды.

«Бүгін жұмыс сапарымен Риддер қаласына бардым. Құрылыс алаңында болып, мердігер ұйымдардың басшыларымен кездестім. Барлық компанияларға ұсынған жақсы жобалық шешімдері, сондай-ақ құрылысты уақтылы және тиімді бастағаны үшін алғыс айтқым келеді. Олардың әрқайсысы алда тұрған жоғары әлеуметтік жауапкершілікті сезінетініне және өңіріміз үшін маңызды миссияны нақты жүзеге асыруға барлық күш-жігері мен кәсіби тәжірибесін жұмсайтынына сенімдімін» деп жазады Даниал Ахметов.

Оның сөзіне сенсек, халыққа берілген уәденің бәрі орындалады. Бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында.

«Тұрғындар күзге дейін тұрмысын орнықтыру үшін үйлердің құрылыс мерзімін қысқартуға тырысамыз. Мұнда үлкен, сапалы үйлері мен кең, жарық көшелері бар бар әдемі және заманауи шағын аудан пайда болады. Келесі аптада келісім жасалғаннан кейін жол төсемінің негізін дайындау жұмысына кіріседі. Үймен қатар бірден жол салып, жарықтандыру жүргізіп, аумақты, соның ішінде балалар мен спорт алаңын абаттандырамыз. 24 мамырда, уәде етілгендей, тағы бір мәрте тұрғындармен кездесу өткіземін. Мердігер ұйымдармен бірге құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырамыз. Қолдау мен көмек үшін баршаңызға зор алғысымды білдіремін. Біздің күшіміз - бірлігімізде» дейді әкім.

Естеріңізге сала кетсек, 10 мамырда Шығыс Қазақстандағы Риддер орман шаруашылығында алапат өрт шыққан болатын.

Өрттен 1 адам қаза тауып, екеуі жарақат алған.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне тілсіз жаудан зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтуды тапсырды.

11 мамыр сағат 18.20 кезінде өрт ауыздықталды.


Соңғы жаңалықтар