Рим Папасы қыркүйекте Қазақстанда орыс православ шіркеуінің басшысымен кездескісі келетінін білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Рим Папасы Франциск қыркүйекте Қазақстанда Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллмен кездескісі келетінін білдірді. Бұл туралы ол сейсенбіде Иса қоғамының еуропалық журналдарының басшыларына берген сұхбатында айтты. Сұхбат үзінділері La Stampa газетінде жарияланды, ал кездесуді La Civilta Cattolica журналы ұйымдастырған. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Мен онымен 14 маусымда Иерусалимде кездесіп, ортақ істеріміз туралы сөйлесуім керек еді», - деп еске салды понтифик. Франциск Украинадағы қақтығысқа байланысты диалог дұрыс түсінілмей қалмауы үшін кездесуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылданғанын айтты.«Мен онымен қыркүйекте Қазақстанда кездесетініме үміттенемін. Сәлемдесіп, пастор ретінде азғантай әңгімелесеміз деген сенімдемін», - деді Франциск.

Сәуір айында Рим-католик шіркеуінің басшысы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысатынын растады. Қазақстан 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру туралы бастама көтерді, содан бері форум тұрақты іс-шараға айналған.

Ватиканда Рим Папасының Қазақстанға сапары туралы әлі ресми түрде жарияланған жоқ. Шілде айының басына жоспарланған Конго Демократиялық Республикасы (КДР) мен Оңтүстік Суданға келесі сапарын понтифик тізесі ауырсынуына байланысты кейінге қалдырды.


Соңғы жаңалықтар