Ринат Малцагов: Карантин талаптары жеңілдеген кезде тәртіпке бағынуымыз керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық танымал әнші карантин шараларын кезең-кезеңімен алуға қатысты пікір білдірді. Ол ең бастысы - тәртіпке бағыну керек екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде азаматтық ұстанымы дұрыс, жауапкершілігі мол, үнемі маскамен жүретін адамдар бар. Жауапкершілікті сезінуден жалыққан адамдар да бар. Дегенмен, тәртіпке бағынып, қорғаныс құралдарын қолдануымыз керек, себебі біз өзіміз үшін ғана емес, аға буын - ата-анамыз үшін де уайымдаймыз. Біздің ағзамыз жас, ал олар үшін дертпен күресу қиын, сол себепті оларға төнген қауіп те зор», - дейді әнші Ринат Малцагов.

Ол өзіміз бен жақындарымызды қорғау керек екенімізді, ол үшін жауапкершілікті барынша сезінуіміз керек екенін айтты.

«Мысалы, Қытай ауру ауқымды түрде тарап кетсе де темірдей тәртіптің арқасында бірнеше апта ішінде қалыпқа келтіріп алды. Олар тәртіпке бағынды. Италиялықтар тәртіпке бағынғысы келмеді, бірақ жағдай ушыққан кезде естерін жиып, олар да тәртіпке бағынды. Демек, біздіі елге де тәртіп пен жауапкершілік керек. Өзіміз үшін ғана емес, қоғам үшін де жауаптымыз. Әлеуметтік арақашықтықты сақтауымыз керек, бұл өте маңызды», - дейді ол.

Айта кетейік, 13 тамызда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында Карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілді.



Соңғы жаңалықтар