Розақұл Халмурадов: 1 наурыз - Қазақстанға еріксіз қоныс аударған этностардың қазақ халқына алғыс айтатын күні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 наурыз - тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударған этностардың қазақ халқына алғыс айтатын күні.

Мұндай пікірді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Розақұл Халмурадов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-сессиясында Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «ҚХА құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, өздерін туысындай қабылдаған қазақ халқына Алғыс айту күні деп атасақ, бұл күн барлық этнос өкілдерінің достығы мен ынтымақтастығының жарқын мерекесі болар еді» деп айтқан болатын. Оны Ассамблея мүшелері сөз сөйлеу барысында қызу қолдады. Сонымен біз Алғыс айту күнін 2016 жылдан бері 6 жыл қатарынан атап өтпекпіз.

Алғыс айту - тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылған түрлі этностың мыңдаған өкілінің құтты қонысына айналған қазақ еліне, жеріне, өз бауырындай қабылдаған қазақ халқына тағзым ететін күні. Қазақ халқы қанша қиыншылық болса да, өздеріне жетіспей жатса да сол еріксіз қоныстандырылғандардың барлығына жылы жайын беріп, бір үзім нанымен бөлісу арқылы қазақтың ата-бабасынан келе жатқан қонақжайлылығын танытқан болатын. Міне, соған ең алдымен тағзым етіп, алғыс айтатын күн», - деді ҚХА мүшесі.

Оның атап өтуінше, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің, өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орын алуына негіз болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын бүгінде ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемісті жүзеге асырып келеді.

«Сол себепті біз ел басшыларына да ризашылық білдіріп, алғыс айтамыз. Ел тәуелсіздігін баянды ету, экономикасын нығайту үшін аянбай тер төгіп жатқан барлық азаматқа үлкен құрмет білдіре отырып, ризашылығымызды білдіреміз. Алғыс айту күнінде бірге тұрып жатқан отбасымызға, ауылдастарымызға, көршілерімізге, әрбір қазақстандыққа бейбіт өмір сүріп жатқанымыз үшін алғыс айтамыз.

Құрметті отандастар! Алғыс айту күніне орай Қазақстандағы 130-дан астам этнос өкілдерін қазақтың берекелі шаңырағы астында біріктіріп тұрған ҚХА күнімен де құттықтап, баршаңызға алғыс айтамын. Ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен жалпыұлттық келісім үшін баршаңызға басымды иіп, зор ризашылығымды білдіремін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Қазақстанның көк туы әлем биіктерінде желбірей берсін!», - деді Розақұл Халмурадов.


Соңғы жаңалықтар