Рудныйда лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат таратқан ер адам ұсталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Рудный қаласындағы мектептердің бірінде лаңкестік әрекет жасалатыны туралы жалған ақпарат таратқан ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, 2 мамыр түнгі уақытта Рудный қаласы полиция басқармасының 102 нөміріне қаладағы № 3 мектептің маңында лаңкестік әрекет жасалатыны туралы хабарлама келіп түскен.

«Оқиға орнына полиция, өрт сөндіру қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасының дәрігерлері келіп жетті. Оқиға орнындағы аудан қоршалып, көлік және адам қозғалысына шектеу қойылды. Кинолог мамандар мен жарылыс техниктері мектеп ғимараты мен оның маңындағы аумақты тексеріп шықты. Тексеру қорытындысы бойынша, ол жерден жарылғыш құралдар анықталған жоқ», - деп түсіндіріп өтті полицияда.

Полицияның баспасөз қызметінде қылмысты ашу және жалған лаңкесті анықтау үшін полицияның көп құрамы жұмсалғанын атап өтті.

«Жедел-іздеу шараларын өткізу барысында полицейлер бұрын сотталған 32 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Мас күйінде болған ер адам өз әрекетінің себебін түсіндіре алмады. Қазіргі кезде күдікті уақытша оқшаулау абақтысына қамалды», - деп түсіндіріп өтті ведомствода.

Лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату бабымен тіркелген аталған факті бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, аталған бап бойынша қылмыс жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар