Рудныйлық полицейлер жоғалып кеткен төрт жасар қызды тауып алды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Рудный қаласының полицейлері жоғалып кеткен төрт жасар қызды әкесімен қауыштырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сағат 19:30-да полицияның учаскелік пунктіне жігіт пен қ ыз келген. Олардың жанында 3-4 жас шамасындағы кішкентай қыз болған. Жастар жылап тұрған баланы көшеден көріп қалғандарын айтты. Бүлдіршін өзінің есімінен басқа ештеңе айта алмаған, қорқып қалған», - деп хабарлады полиция.

Жастар кішкентай қызды полиция бөлімшесіне алып келген. Полиция қызметкерлері Айдос Құлымбетов пен Әділ Ілияс Ксюша есімді қызды өздерімен алып жүріп, оның ата-анасын іздеуге аттанған.

«Біз іздеуге кірістік, аумақты жаяу араладық. Біздің өз учаскемізден табылар деп ойладық. Дүкендерге кіріп, адамдардан сұрадық», - дейді Айдос Құлымбетов.

Тәртіп сақшылары баланың жоғалғаны туралы полицияға ешкім жүгінбегенін анықтады.

Қаладағы дүкендердің бірінде сатушы көрші шағын ауданда бұрын оған ұқсас қызды көргенін айтты. Полицейлер сол жерге барып, азаматтардан бұл баланы кім көргенін сұрастырған. Бір жарым сағат ішінде учаскелік полиция инспекторлары бүлдіршіннің тұрғылықты жерін анықтап, баланы әкесіне берген.

Бұл – биылғы жылы ата-анасына табысталған үшінші бала. Полиция қызметкерлері тұрғындардан балаларын қараусыз қалдырмауды сұрады.

Автор: Жанна Мұсабаева


Соңғы жаңалықтар