Рухани жаңғыру - ертеңіміздің ережесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Үш жыл бұрын жарияланған бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыс пен ұлттық кодты әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілген.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық руханиятқа үлкен серпіліс әкеліп, қоғамға қозғау салғаны белгілі. Ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді басшылыққа алу, мәдениетті ұлықтау, білімді культке айналдыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, латын әліпбиіне көшу сияқты мәселелер қоғамда қызу қолдау тауып, ауқымды жұмыстар атқарылды.

Ерлан Сыдықов

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, тарихшылар ұлттық конгресінің төрағасы, ҚР ҰҒА академигі

Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырғалы үш жылға таяу уақыт болды. Осы уақыт аралығында Бағдарламаның арнайы жобалар саны 13-ке де жетті. Ұлттық комиссиядан бастап нақты мемлекеттік органдар, өңірлердегі ұйымдар мен мекемелердің барлық деңгейінде Бағдарламаны басқарудың жүйесі де қалыптасты. Қоғамдық сананы жаңғыртудың концептуалдық негіздері мен арнайы жобаларын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Орталық сараптама кеңесін құру туралы шешім де қабылданды. Еліміздегі жетекші оқу орнының басшысы ретінде маған Ұлттық комиссия жанындағы Орталық сараптама кеңесін қалыптастыру және өңірлердегі тиісті кеңестердің қызметін үйлестіру жүктелген еді. Бүгінгі таңда өңірлік сараптама кеңестерін аймақтардағы жетекші оқу орындарының ректорлары басқарады, ал олардың жұмыстары оқу орындарының ғылыми және ұйымдастырушылық әлеуетіне сүйенеді.

Аталған үш жыл ішінде Кеңес Бағдарламаны тиімді іске асыру бойынша өз қызметін қоғамдық негізде атқарғанын ерекше айтқым келеді. Осы кезең ішінде Бағдарламаның барлық жобалары бойынша сараптамалық алаң құрылды. Орталық сараптама кеңесі деңгейінде 31 мәжіліс отырысы өтті және хаттамалық ұсыныстар тиісті орындарға тұрақты түрде жіберіліп отырды. Кеңестің жұмыс тәртібіне көшпелі мәжіліс өткізу және өңірлерде Бағдарламаның орындалу барысына кешенді бағалау жүргізу практикасы енгізілді. Осы бағытта Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында көшпелі мәжілістер өтті. Барлық өңірлердің жұмыстарына бірнеше мәрте кешенді сараптамалық талдаулар жүргізілді.

Үш жыларалығында Кеңес 1543-тен аса сараптамалық қорытынды әзірледі, 200-ден аса аналитикалық ұсыныстар берді. Сараптамалық талдаулардан бөлек Кеңес Бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында республикалық және өңірлердегі барлық деңгейдегі ұйымдар мен мекемелерге жедел түрде сараптамалық кеңестер де беріп отырды. Кеңестің мүшелері Бағдарламаның концептуалдық идеяларын түсіндіру сипатында дәрістер оқыды, ақпараттық-аналитикалық қолдау мақсатында республикалық және өңірлік БАҚ-та мақалалар жариялады, сұхбаттар берді.

Осы форматта Орталық және өңірлік кеңестерде ай сайын «Сарапшылар күні» акциясы тұрақты түрде өткізіліп тұрды. Сарапшы-ғалымдар «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстанның киелі географиясы», «Туған жер» арнайы жобаларының орындаушысы және «Өлкетану» оқулықтарының әзірлеушісі ретінде Бағдарламаны іске асыруға да тікелей қатысты. Жақында Орталық сараптама кеңесінің үш жылдық қызметін қорытындыланды. Алдағы уақытта Кеңестің үйлестіру жұмысын «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының базасында ашылған диалогтық форматтағы «Азаматтық алаңға» салтанатты түрде тапсырдық.

Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аталған бағдарлама аясында атқарылып отырған іс-шараларына тоқталайын.

Өткен жылдың күзінде қосымша «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы іске қосылса, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының іске асыру мақсатында тағы 6 арнайы жобамен толықтырылды. Сондықтан бұл Бағдарламаның әлеуметтік-гуманитарлық, стратегиялық маңызы жоғары. Әрине, Бағдарламаның іске асырылуын еліміздегі жоғары оқу орындарының белсенділігі мен ғылыми-шығармашылық, зиялылар қауымының әлеуетімен байланысты. Осы орайда Астана қаласындағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бағдарламаның тиімді іске асуына тың серпін беруде. Осы тұрғыда – ғалымдардың шығармашылық бағытын ерекше атап өтер едім. Мысалы, «қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасының орындалуына университеттің оқытушы-профессорлары оқулықтарды қазақ тіліне аудару, редакторлық жұмыстарына қатысуда. Бұл жоба біздің ғалымдарымыздың тікелей қатысуымен орындалуда. Ал «Ұлы дала жастары» жобасы университеттің бастамасымен қалыптасты деуге болады. 2019 «Жастар жылы» аясындағы Университетте Бағдарламаны іске асыруға студент жастарды тарту бойынша арнайы жоспары бекітілді. Бұл жоспарымыз студент жастарға арналған 61-ден аса жобадан тұрды. Бұл арқылы студент жастардың тікелей қатысуымен қоғамдық сананы қалыптастыру әлеуеті маңызды екенін атап өткен жөн. Мысалы, Университетте студенттер мен жас ғалымдардың тікелей қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі ұғымдары мен терминдері бойынша 400 сөзден асатын анықтамалық-сөздік әзірленді. «Киелі Қазақстан» арнайы жобасы аясында жазғы демалыс кезінде студент жастардың қатысуымен бір мезгілде республикалық деңгейдегі киелі жерлерге бару акциясы үш жыл бойы жүзеге асып, қазір дәстүрге айналды. Біріншіден, бұл студенттердің өздері үшін пайдалы, екіншіден, еліміздегі киелі жерлерді тарихи тұрғыдан насихаттауда маңызы жоғары деп айтуға болады. Мысалы, студенттердің өздері қалыптастырған тарих, экономика, өлкетану бойынша білім деңгейлерін көтеру бойынша диктанттарға арналған жобалар бар. Осы сәуір айында «Туған жер» жобасы аясында алғаш рет студенттердің республикалық туған ауыл, туған жер бойынша эссе конкурсы өтеді. Жазғы археологиялық экспедиция маусымына студенттердің археологиялық, этнографиялық, фольклорлық экспедицияларға белсенді әзірленуде. Жалпы бұдан шығар қорытынды студенттердің қолымен жаңаша интеллектуалдық, ғылыми маңызы жоғары жобаларды іске асыру және оларды орындаудың маңызы да жоғары. Ең маңызды түйіні бұл жобалар тек гуманитарлық бағыттағы жобалар емес, барлық арнайы фокус-топтарға бағытталған, барлық мамандықтар қамтылған жобалар. Бүгінгі таңда университетімізде «Рухани жаңғыру» курстары, қысқа арнайы курстар, біліктілік көтеру курстары жүргізілуде.

Бағдарламаның негізгі нәтижелерінің студент жастар мен жас ғалымдардың болашақ маман ретінде қалыптасуына берер мүмкіндігі көп.

Алтай Көлгінов

Нұр – Сұлтан қаласының Әкімі

Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – өткенмен сабақтаса жаңашылдыққа бастайтын жол. «Жарқын болашағымыз, ұлт ертеңі – интеллектуалды әлеуетпен тікелей байланысты. Ал оның діңгегі – білім. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп атап өтті Елбасы. Сонымен қатар, «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп тура бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқан. Осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Тұңғыш Президент ұлттық рух мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – ұлттық сана-сезім мен болмысты жаңғырту, көкжиегін ке­ңейту. Білім мен ұлттық рух ұштаса келе ел ертеңгі күннің ережесі қалыптасады. Сол ертең дегеніміз міне келіп те жетті. Елбасымыздың мақаласында аталып өткен отаншылдық рухы дәл қазіргідей уақытта бізге ауадай қажет.

Аталған мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен барша қа­зақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жө­ніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең тү­сінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға де­ген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең бас­ты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қа­ла береді», деп атап өтті. Міне сол сын сағаты бүгін алдымыздан шығып отыр. Әлем үрей мен үміт ортасында. COVID-2019 дүние жүзін жаулап, халықаралық қатынас төмендеді. Қай ел пандемиядан қалай арылып шығады деп бәрі бір-біріне сын көзбен қараған сәт. Осындайда бірлігіміз бен берекемізге еш сызат түспеуі керек. Өз еліңе пайдалы болу, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу әрбір отандық саясаткердің, әрбір қазақстандықтың борышы мен ар-ожданы. Бұл парыз Нұр – Сұлтан қаласының әкімі ретінде маған да тікелей қатысты. Пандемия кезінде Отанымыздың басты жауапкершілігін өз мойнына алған менің жерлестерім – елордалықтардың да міндеті. Өйткені еліміз барлық тұрғындары Елордасына қарайды. Олардың қазіргі сәттегі сенім мен үміті - Отанының жүрегі астанасының ұстанған бағытымен жүреді, жеңісімен жігерленеді. Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемияға байланысты ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға арнаған Үндеуі азаматтарымыздың бойына сенім ұялатты. Себебі, қазір мемлекет бар қамқорлықты жасап отыр. Енді осы қамқорлыққа арқа сүйей отырып, ұлт болып ұйысып бірлігімізді көрсете білсек, бұл қиындықты да еңсереміз. Елорда әкімі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа елорданы азық-түлікпен қамту жұмыстарын, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеуге арналған шараларды тұрақты баяндап отырмын. Президент бізге және салалық министрлікке бағаның жүгенсіз кетуіне жол бермеуді, азық-түлік саудасы маңында алыпсатарлықты болдырмауды және Төтенше жағдай кезінде тұрақтандыру қорын толықтырып, қажетті тауарлармен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырып отыр.

Елбасымыздың «Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек» деген сөзі күндіз-түні отбасын да, ұйқы да көрмей жүрген дәрігерлерімізді, қиын кезеңде көмек қолын созып жатқан іскер азаматтарымызды, волонтерлер мен жастарымызды жігерлендірді.

Расында біз қазір бір-бірімізді сынайтын емес, бірлігіміз сыналатын, рухымыз шыңдалатын кезеңді бастан кешіп келеміз.

Махат Садық

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

12 сәуірде «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасына негіз болған мақаланың жарияланғанына үш жыл толды. Журналист ретінде осы тақырыпқа ондаған мақалалар жаздым. Бірқатар телерадиожобалар жасап, деректі фильмдер түсірдім. Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. Және мұның нәтижесін алдағы бес – он жылда байқала бастайды деу адасқандық болады. Қоршаған ортамыз, айналамыздағы қоғам көзі ашып-жұмғанша үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Сондықтан да алтын уақытты жоғалтпауымыз басты міндетіміз болмақ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек»,- деп ойын сабақтай келе: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»,- деп жазды. Міне біздің ұстанбақ бағдаршамымыз да осы. Демек дайын бағдарламаны жүзеге асыру бүгінгі замандастар алдындағы парыз. Ертеңгі келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Бұл бағдарлама негізі де Тәуелсіздігімізді жариялаған 1991 жылдан бергі Елбасымыздың ұзақ мерзімге белгілеген «Назарбаев миссиясының» жүзеге асуының көрсеткіші. Мемлекеттіліктерін мәңгілікке құрған елдердің мұрат – мақсаттары да осы принциптермен айшықталған.

Мемлекттік бағдарламаның орындалуын жүзеге асыру үшін құрылған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» да біршама жұмыстар атқарып жатыр.

Институт мәліметіне сүйенсек, өткен үш жыл ішінде аталмыш бағдарламаның институционалдық базасын құруға үлкен көңіл бөлінді. Осы уақыт ішінде елде 93 мың іс-шара өткізілді, оған 12 миллионнан астам отандасымыз қатысты. 13 арнайы жоба жүзеге асырылуда. Олардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – білім беруді дамытуға бағытталған. Гуманитарлық бағыттағы 77 оқулық қазақ тіліне аударылды, оның 47-і баспадан шығарылды және еліміздің ЖОО-на жіберілді. Оларды 100 kitap.kz сайтында табуға болады. Сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде 156-ға жуық бейнекурстар мен бейнелекциялар әзірленді, олар OpenU порталында орналастырылған. «Туған жер» арнайы жобасы аясында 5-7 сыныптардың мектеп бағдарламасына «Өлкетану» оқу курсы енгізілді. 2,6 мыңнан астам нысан салынды және 2 142 әлеуметтік маңызы бар нысан қайта жаңартылды, олардың ішінде: мектептер, балабақшалар, мәдениет объектілері, спорт алаңдары, медициналық мекемелер, балалар алаңдары. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 12 мыңнан астам меценат тартылды. Тарихи-мәдени мұраны жүйелеу нәтижесінде Қазақстанның киелі жерлерінің тізімі жасалды. Оған жалпыұлттық маңызы бар 205 нысанның 100 кешені мен өңірлік маңызы бар 575 нысанның 100 кешені енген.

Түйіндей айтқанда, қазіргі пандемия зардаптары әлемге үлкен ғаламдық өзгерістер енгізбек. Бүгінгі күнге дейін экономист ғалымдар есептеп шығарып, дәлелдеп қойған 2050 жылы үшінші индустриялық революция жүзеге асады ма? Әлде адамзат алдындағы қатаң ережелер басқа сипатта дамып орнығады ма? Дәл қазір оған жауап беру қиын. Басы ашық мәселе: жан –жақты қалыптасқан мемлекет болу. Ол үшін өзіміздің отандық өнеркәсіпті дамытуымыз керек. Әлемді билейтін экономика екендігі белгілі. Міне сол сұрапыл шақыруларға дайын тұруымыздың тетігі бүгінгі жастарымыздың биік деңгейде білім алуына, рухани жан-дүниесінің дайын болуына қатысты екендігі осы тұста анық көрінеді.

Соңғы жаңалықтар