«Рухани жаңғыру»: халықтың жас ерекшеліктеріне сай жобалар әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықтың жас ерекшеліктеріне сай арнайы жобалар әзірленеді. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрліктің құзырындағы тағы бір маңызды идеологиялық бағыт – қоғамдық сананы жаңғырту саласы. Әрине, руханият бағытындағы жұмыстың нәтижесі бірден көрінбейтіні белгілі. Оның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту – үлкен еңбекті, ұзақ мерзімді талап етеді. Дегенмен, қол жеткізген нәтижелер жоқ емес. Тұңғыш Президент – Елбасымыздың тарихи мақаласынан бастау алған бағдарлама бойынша бүгінде 17 арнайы жоба жүзеге асып жатыр. Жыл басынан бері 3 миллионнан астам халықты қамтыған 13 мыңнан артық іс-шара өткізілді», - деді Аида Балаева.

Оның атап өтуінше, әр жобаның өз орны мен аудиториясы бар. Дегенмен олардың арасында «Туған жер», «100 жаңа есім», «Киелі Қазақстан», «100 жаңа оқулық» «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты» жобаларын ерекше атауға болады.

«Бағдарламаның басты мақсаты – жаңа сападағы қоғамдық сана қалыптастыру. Бұл ретте, биылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасын – Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізу қолға алынды. Бағдарламаны халықтың жас ерекшеліктеріне сай топтап, әр мақсатты топқа – арнайы жобалар әзірленеді. Оның ішінде, әсіресе мектепке дейінгі және мектеп жасындағы буынға басты көңіл бөлінетін болады»,- деді министр.


Соңғы жаңалықтар