Рухани жаңғыруда шетелдегі қандастарымыздың алар орны да ерекше

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» мақаласында халқымыздың ұлттық код мәселесін бекер көтерген жоқ, оны ғаламдық өзгерістермен байланысты сабақтады. Жаһандану мен қатыгез бәсекеде қай ұлттың болсын жылқының жалынан ұстағандай қолы ілінері – өзінің ұлттық тілі, дәстүрі, салты, өнері - ұлттық коды болмақ. Жер жүзінде 6 мыңдай этнос, ұлт бар, 193 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, сол мемлекеттердің арасында Қазақстан бар.

Тағы бір мәлімет – қазақтар дүние жүзіндегі 6000 ұлттың ішінде 43 орын алады. Халқының саны 10 миллионнан асатын ұлттар макро, 100 миллионнан асатын халықтар мега ұлттар болып саналады. Біз макро ұлтқа жатамыз. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-орын алатынымыз тағы бар. Қазақ халқының бәсекеге қабілетті болуы оның санына да байланысты. Өйткені, әлемдік бәсекеге саны көп халықтар төтеп береді, сондықтан алдағы уақытта саны кемінде 30 миллионға жететін аймақтық ірі ұлтқа айналу арман-мақсатымыз болуы шарт.

ХХ ғасырдың басында әлемде 12 мың ұлт болған екен, қазір соның тең жартысы жоқ, өзге ірі ұлттарға жұтылып кеткен. Өйткені, олар ділінен, тілінен, дәстүр, мәдениетінен айырылып қалды, ұлт ретінде жоғалды.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи Отанына қайтып келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартуды ұсынды. Президент Twitter-дегі парақшасында «Оралман» сөзінен бас тартқан жөн. «Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады», - деп жазғанын халық та, заң шығарушы орган Парламент те қолдады.

Біз халқымыздың тарихынан еш­қа­шан ұялмаймыз. Қазақ – ежелден келе жатқан халық, оның азаюына өткен ғасырларда белгілі себептер болды. Ал ХХІ ғасырда ол қандай күйге түседі? Бұл реттен қарасақ, Елбасы мақаласы халқымыз ұлт ретінде жұтылмауы үшін адаспас бағдар береді. Тәуелсіздік алған отыз жылда біз мемлекет ретінде экономикалық жағынан нығаюға көбірек көңіл бөлдік. Енді рухани жаңғыру кезеңі келді, уақыт соны талап етіп отыр. Қазақстандағы мемлекет құраушы халық – қазақ халқы. Сондықтан қазақ халқы еліміздің дамуына да, жетістігіне де жауапты болып табылады. Бізбен бірге кең даламызды жүзден аса этнос мекендеп, Қазақстанды өзінің отанына балап отыр, олар үшін де жауапкершілікті біз, қазақтар алуымыз керек.

1996 жылы Қазақстанда «Шетелдік отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданған болатын. Қазақ көшін бір ізге түсірген, қабылданған жаңа заңдар негізінде, 1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы, немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды. Елімізге осы жылдарда шетелден шамамен 1 млн-ға жуық этникалық қазақ қоныс аударған.

Ал осы Отанға бет бұрған қандастарымыздың Ұлы көші қашан басталды? Тарихи деректерге жүгінейік.

1991 жыл. Шілде. Ел Президентінің шетелге тұңғыш сапары. Қытай Халық Республикасына алғашқы достық сапарында Н.Назарбаев 40 сағат жолда болды. Оның 20 сағатын ұшақта өткізді. ҚХР төрағасы Цзян Цзэминьмен, Қытай Үкіметі мен Пекин қаласының және СУАР басшылығымен кездесті. Ірі қалалар мен үлкен кәсіпорындарда болды. Осы жолы «Жібек жолы» қайта жаңғырып, бұл темір жол мен автомагистраль толық іске қосылғанда, Тынық мұхит жағалауымен Еуропаны жалғастыратын жол Қазақстан арқылы өтетіндігі айтылды. Бүгінде Орта азиялық Иранмен қосқан темір жол жөнінде сол кезде сөз етілген болатын. Әрине Үрімшіде өткен ағайындармен жүздесу ерекше әсерлі болды. Тіптен протоколда жоспарланған сапар сондағы қандас ағайындардың өтінішіне орай бір тәулікке созылды. Сапар қорытындысында Мемлекет басшысы: «Алыстағы ағайындарға туған Отаны – Қазақстан шекарасын айқара ашты, сол мәселені толықтай келісіп, шешіп келемін» дегені есте. Қазір еліміздегі қазақ тілді журналистердің біразы сол алыстан келген ағайындардың, солардың балалары.

Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Елбасысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ғаламдық шараларды жүзеге асыруда «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынылды. Қазақстанның мақсаты айқын, бағыты белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Германия, Израйль секілді елдерде де ұлтқа төнген қиын сәттерде халық басқа жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Ойланып көрейік, бодандық кезде тозып, жат жұрттан бақыт іздеген ағайындар трагедиясы ешқашан ұмытылмауы керек. Сол қилы кезеңде алты миллион қазақтың екі миллионы ғана өз Отанында қалды. Төрт миллионның төрт жүз мыңы шетелге қоңыс аударды. Қалғаны нәубәт жылдардағы зұлмат саясаттың құрбаны болды.Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөйлеген сөзінде былай деген еді:

«Алты құрлыққа сауын айтқан мына алқалы жиынға әлемнің 39 елінен 350-ден астам қандасымыз келді. Қайда жүрсе де қазақтың тарихи, отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті Қазақ Елі. Алғашқы құрылтайдан бері 25 жыл өтті. 20 ғасырда қазақтың басынан өтпеген зұлмат жоқ. Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялап, оның 5 басымдығын нақтыладық. Бұл жұмыстардың өзегіне айналатын Рухани жаңғыруды қолға алдық. Біріншіден, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Бұл – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әрі әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам. Мұны айтып отырған себебім, қазір ТМД аумағындағы қазақтар кирилл әріптерін, Қытайдағы қандастарымыз төте жазуды, батыс елдеріндегі бауырлар латын әліпбиін қолдануда. Бәріміз сөйлескенде тіліміз бір болса да, оқығанда үш түрлі болып шығады. Ешбір кедергісіз түсінісетін бір қазақтың баласы бір-бірінің жазуын ұқпайтын күйге жетті. Бұл – жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алшақтатуда. Көп ұзамай бұл олқылықтар біржола жойылады. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бірлігімізді нығайтып, рухани жақындастыра түседі. «Туған жер» жобасы әрбір азаматтың жері мен еліне қамқорлық жасауын көздейді. Мен тарихи Отанына септігін тигізгісі келетін қандастарымыз да көп екеніне сенімдімін. Әрқайсымыз өз мүмкіндігімізге қарай кіндік қанымыз тамған туған жерімізге жақсылық істесек, бүкіл халықтың берекесі болар еді. Сондықтан «Туған жерге тәу ету» деген ұғым қазаққа тән нәрсе».

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы — Республикалық мәртебесі бар халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ол 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында тұңғыш рет өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында құрылды. Құрылтайға әлемнің 33 елінен 800-ден астам делегат қатысты. Қауымдастық президиумының төрағасы — Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, төрағаның бірінші орынбасары — жазушы Қалдарбек Найманбаев болып бекітілді. Әділет министрлігінің алғаш рет 1992 жылғы 2 қарашада, одан соң 1997 жылғы 16 сәуірде қайта тіркеуінен өткен. Қауымдастықтың негізгі міндеті — шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес саласында байланыс жасау.

ҚР Әділет министрлігі Шетелде тұратын этникалық қазақтарға қолдау білдіру бойынша 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жариялады. Аталған құжат Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен бекітілді.

Жоспарлы бағыттарының бағыттардың бірі - шетелдегі этникалық қазақтарға арналған оқу-әдістемелік құралды әзірлеу және шығару, оларды интернет-ресурстарға орналастыру және өзге мемлекеттерде орналасқан қазақ мәдени орталықтарын әдеби гуманитарлық бағыт бойынша қамтамасыз ету.

Одан бөлек, қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстанның оқу орындарында білім алуы үшін стипендиялық бағдарлама әзірленеді.

Ұлықпан, Сыдықов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ұстаз:

Сырттан келген қандас ғалымдарымыз қазақ ғылымының аяққа тұруына көп ықпал етті. Өз басым мұны үлкен тарихи кезең деп бағалаймын.

Айталық, тоқсаныншы жылдары тарихшы, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы Моңғолия Үкіметі төрағасының орынбасары сынды үлкен мансабын тастап, елге келіп, Тарих және этнология институында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуін үлкен ерлікке бағалауға болады. Бұл – үлкен азаматтық қой.

Сол сияқты белгілі этнограф Жағда Бабалықұлының мол мұрасы бізге қаншама күш-қуат берді десеңізші. Осыдан біршама уақыт бұрын шәкіртім, танымал ақын Қасымхан Бегманов Жағда Бабалықұлының 100 жылдық мерейтойына орай мол мұрасын жинақтап, көптомдық кітап шығарды. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін бір кісідей білетін адам ретін айтсам, Жағда Бабалықұлындай кемеңгер этнографты көрген де, естіген де емеспін. Мұндай адамдар мың жылда бір-ақ рет туатыны анық. Бұдан басқа қазіргі таңда жаратылыстану саласында шеттен келген қазақ ғалымдары жемісті еңбек етіп жатыр.

Дүниежүзінде тарыдай шашылған қазақтар өзінің қажырлы еңбегімен өз ісінің білікті маманы екенін нақты іспен дәлелдеп берді. Елге келген қандастарымыздың арасында түрлі саланың мамандары бар.

Олардың арасында мемлекеттік қызметте зор табысқа жеткен азаматтар да болды. Бірақ соларды ел басқару ісіне тартып, әлеуетін пайдаланбай жүргенімізді түсінбеймін.

Ғылым мен әдебиет саласында еңбек еткен азаматтар ғана елге келген соң, өзінің төл кәсібін жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Ал қаржы, экономика, мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинаған қандастарымыз сауда-саттықтың айналасында әлі жүр. Біздер сырттағы қазақты елге көшіріп әкелгенде тек қана санымызды көбейтуді ғана ойламадық қой?!

Қазір университетте сырттан келген көптеген жастарымыз білім алуда. Бәрі шетінен білімге құштар. Олардың бойынан ешқандай жаман әдетті байқаған емеспін.

Алмағайып заманда өзге елге кетуге мәжбүр болған қандастарымыз елге оралғалы бері тіліміз, мәдениетіміз қайта жаңғырды. Мұны көпшілігіміз қу тіршіліктің соңында жүріп байқамай келеміз. Болашақ ұрпақ келешекте Назарбаевтың бұл бастамасына өз бағасын беретініне сенімдімін, - дейді Ұлықпан Есімханұлы.

Қазақ үшін Атамекеннің бір шымшым топырағына дейін тұнып тұрған қасиет. Тұтас Түбі бір түркінің алтын бесігі Алтай, киелі Түркістан, ұлт ұясы Ұлытау және басқа да орындар – барша қазақ үшін қасиетті. Бұл жерлерге шетелден сан мың қазақ келіп, тағзым етіп жүр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жасалған соң, ол шеттегі қазақтарға да таныстырылуы қажет. Қайда жүрсек те алты алашқа ортақ құндылықтар бізді біріктіре түседі. Сондай-ақ, қазақтың талай баға жетпес рухани қазыналары Қазақстаннан тыс жерде. Өткен ғасырда бір жылды «Ұлттық тарих жылы» деп жариялап, дүние жүзі бойынша қазақ тарихына қатысты құндылықтарды іздестірдік. Көп дүние жиналды. Кейіннен «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асырылды. Жаңа кітаптар жазып, қазақтың аталы сөздерін, әндерін, философтар мұрасының жинағын шықты. Ғалымдарымыз шетелдерге жасаған ғылыми сапарлары арқылы көптеген құнды мұраларымызбен қайта табыстыруда.

Рухани жаңғыру деген – бүкіл қазақтың жаңғыруы, бірлік деген – барша қазақтың бірлігі. Бұл – негізгі мәселе. Біздің қол жеткен табысымыз ел ішіндегі тыныштық пен бірліктің арқасы. Бірлігі жоқ елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Қазақтың «Өсер елдің арманы бітпес, өспес елдің жанжалы бітпес»,- деген аталы сөзі бар. Қазіргі жаһандану дәуірінде рухани тұтастық қана қазақты ғасырлар сынынан сүрінбей өтетін Мәңгілік Ел етеді.

20 ғасырда Солтүстік Кавказдан 550 мың адам, Қиыр Шығыс пен Кореядан 100 мың адам, Ресейдегі неміс ұлтынан 600 мың адам, еврейлер мен гректерден 1,5 миллиондай адам Қазақстанға күштеп көшіріліп, жасанды түрде көп ұлтты елге айналдық. Тәуелсіздік алған жылдарда 17 миллионға тарта халқымыз бар еді. Одақ ыдырап, ел сарсаңға түскенде, солардың біразы елдеріне көшті. Сондықтан, дүние жүзіндегі қазақтардың басы қосылып, еліміздің өркендеуіне атсалысса екен дейміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауымдастық құрылған күннен бастап оған төрағалық етіп келеді. Қазақ елінің басшылары үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу – әрбір қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды.

Қауымдастық дүниеге келгеннен бері бес құрылтай өткізді. Тәуелсіздік алғалы шеттегі 5 млн қазақ диаспорасымен байланыс орнады.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа белестерге қарыштап қадам атқан, жаңа биіктіктерді бағындыратын жаңа тарихы. 1991 жылдың шілдесі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-на барған алғашқы сапарынан соң алыстағы ағайын Ұлы Жібек жолының бойымен аңсаған атамекеніне оралған еді.

Содан бері екі ел арасында көптеген жоғары деңгейдегі кездесулер өтті. Экономикалық қарым-қатынастар күшейді.

Міне, 2019 жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев және ҚХР Төрағасы Си Цзи Пин арасындағы Бейжіңде болған кездесу сарабдал саясаттың сабақтастығын паңғартып, үлкен ауқымды істердің жаңа деңгейіне жол ашты.

Соңғы жаңалықтар