Руслан Дәленов вице-министрді жазалау жөнінде пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов азық-түлік бағасына жауапты вице-министрге қатысты тиісті жауапкершілік қарастырылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Мәжілісінде тілшілер министрден әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсіміне байланысты Ұлттық экономика вице-министрін қандай жаза күтіп тұрғанын сұрады.

Өз кезегінде Руслан Дәленов аталған мәселеге байланысты ведомство өкілі тиісті жауапкершілікке тартылатынын айтты.

«Монополияға қарсы орган бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Осы орайда, өткен айдан бастап бағаның негізділігіне байланысты түрлі бизнес құрылымдар ескертпелер алды. Қазіргі кезде монополияға қарсы органдар осы мәліметтерді қарастыруда, осыдан кейін тиісті шараларды қабылдайтын болады. Біздің мақсатымыз – бағаның негізсіз өсуіне және нарықта өнім құнына қатысты алдын ала заңсыз келісімге жол бермеу», - деді Р. Дәленов.

Осы орайда ол Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызды тауарлар бойынша тиісті шараларды атқарып жатқанын атап өтті. Бұл тұрғыда өнімнің шекті бағасын айқындаудың тетігі енгізілді.

Айта кетейік, бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин Премьер-Министрдің Кеңсесіне 3 күннің ішінде азық-түлік тауарларына баға өсімінің алдын алуға жауап беретін Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция вице-министрлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.

«Мүдделі мемлекеттік органдар қатарынан жұмыс тобын құрып, бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа және орта мерзімге арналған нақты шаралар әзірленсін. Роман Скляр жұмыс тобын басқаруды сізге тапсырамын», - деді Асқар Мамин орынбасарына қарата.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік маңызды өнімдер бағасының өсіміне қатысты ведомстволарды сынға алды.

«Ұлттық экономика министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Сауда және интеграция министрлігі арасында үйлестіру шаралары тиісті деңгейде емес», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар