Сабыржан Кеңшілік: Волонтерлік - қазақтың ізгі қасиеттерімен сабақтас

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Сабыржан Кеңшілік елімізде еріктілерге үлкен қолдау жасалып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол ҚазАқпарат тілшісіне бұл тұрғыда ой-пікірін білдіріп, өзі басшылық жасайтын орталықтың алдағы жоспары жөнінде әңгімелеп берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен республикалық волонтерлер фронт-офисінің ашылуында маған Қызылорда қаласында қолға алынған «Жеңіс» жобасы жөнінде кеңінен айтып беруге мүмкіндік туды. Атынан көрініп тұрғанындай, бұл жоба майдангерлер мен тыл ардагерлеріне арналған. Жоба бойынша қарт кісілерге дәрі-дәрмек, өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етуге мән беріледі. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты жұмыстар атқарып келеміз. Ардагерлерге көмек көрсетіп, олардың мұң-мұқтажына көңіл бөлеміз. Айта кетерлігі, жоба өзінің тиімділігін дәлелдей түсті. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғаса береді», - деді С. Кеңшілік.

Республикалық волонтерлер фронт-офисінің ашылуында тікелей эфирде еліміздің екі аймағымен байланыс орнатылды. Телекөпір арқылы Алматы және Қызылорда қалаларында волонтерлер жұмысы жөнінде баяндалды. Мемлекет басшысына Қызылорда облысындағы «Эко сақшылары» жобасы жөнінде мағлұмат берілді.

«Республикалық шара барысында ҚР Президенті еліміздегі волонтерлер үлесін арттыру қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, бұрыннан айтылып жүрген волонтерлікті еңбек өтіліне қосу жөніндегі ұсыныс қолдау тапты. Өйткені, осы бағытта біршама проблема туындап жататын. Әрбір жас қызметке орналасу алдында еңбек өтілі мәселесіне кезігетін. Волонтерлік қызметті еңбек өтілі ретінде санау қиындықты жеңілдетеді. Бұл тұрғыда тиісті заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі қолға алынатын болды. Бүгінгі күндері қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасымен облыс орталығында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру жоспарда бар. Бізде еріктілер корпусы ашылды. Онда еріктілерді арнайы оқытуға назар аударылады. Қазір мектептер жанынан еріктілер клубы ашылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен волонтерлік қызметтің 14 түрі бар. Бізде әлеуметтік және экологиялық бағыттағы еріктілер қызметіне ғана мән беріледі. Ендігі кезекте осы мақсатта насихат шараларын қолға алдық. Солардың бірі ретінде экологиялық еріктілерді айтуға болады. Бұл бағытта медицинаға қызығушылығы бар студенттер мен оқушылар волонтер бола алады. Өзге де бағыттар бойынша жұмыс жасауға көңіл бөлінеді», - деді орталық басшысы.

Оның айтуынша, алдағы жоспарда жастарды волонтерлік тұрғыда оқыту мәселесіне назар аударылады. Ол жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асыру - негізгі міндеттің бірі.

«Қазақ халқында жабырқағанның жанынан табылып, оларға қолдау көрсету - бұрыннан бар қасиет. Қарапайым тіршілігіне көз салсақ, асар жасау, қиналған адамға қол ұшын беру секілді қасиеттер әлі күнге дейін жалғасын тауып отыр. Еріктілер ісі сол жақсылықтың жалғасы іспеттес. Ол жастардың бойында отансүйгіштік, патриоттық, елжандылық, жанашырлық сезімдерді оятады», - деді С.Кеңшілік.


Соңғы жаңалықтар