Сәкен Майғазиев қазақстандықтарды сабырға шақырып, күйзеліске түспеуге кеңес берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Белгілі эстрада жұлдызы, атақты «Музарт» тобының әншісі, Сәкен Майғазиев қазақстандықтарды сабырға шақырып, күйзеліске түспеуге кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық бөлімінің көркемдік жетекшісі Сәкен Майғазиевтың айтуынша, тұтқиылдан келген коронавирус дерті жер бетіне қауіп-қатер төндіруде. Адамзатқа бұрын-соңды болмаған ауыр салмақ түсірді.

«Мына жаһанды жайлаған пандемия ешкімді бейжай қалдырып отырған жоқ. Жақындарымыз, таныстарымыз көз алдымызда ауырып жатыр. Соны көріп біздің де жүрегіміз тыншымай жатыр. Кез келген ауру адамның күйгелектігінен, стресттен, ауыр қабылдаудан өршиді. Оны әлемдік ғалымдар дәлелдеді»,– дейді Сәкен Майғазиев.

Сонымен қатар, ол індеттің жер жүзін үрей құрсауында ұстап отырғанын айтты. Ауруға шалдыққандар саны күн санап ұлғайып, көз жұмғандардың қатары көбейді.

«Сондықтан күйзеліске түспеу керек. Бойымызды қорқыныш пен үрейден арылту қажет. Мейлінше көңілді жүруге тырысайық. Керісінше жан-жағымыздағы жақындарымызды жұбатып, солардың көңілін аулауға барымызды салайық. Осы індеттен аман- есен шығуымызды Алла Тағала нәсіп етсін. Сабырлық танытайық. Бұл қиындықты да еңсереміз. Бәрі жақсы болады. Баршаңызды ауызбірлікке, сабырға шақырамын. Қазақ елі коронавирусты жеңеді»,-деді Сәкен Майғазиев.



Фото: tolqyn.kz


Соңғы жаңалықтар