Салыққа рақымшылық: Жеке азаматтардың 1,9 млрд теңге өсімпұлы есептен шығарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 400 мыңнан астам адамға есептелген 1,9 млрд теңге сомасындағы салықтың өсімпұлы жойылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, биылғы тамыз айынан жеке тұлғаларға арналған салыққа рақымшылық басталды.

Оның аясында азаматтар өткен жылдар үшін салық міндеттемелері бойынша негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда оларға өсімпұлдар шегерілетін болады.

«Осыған орай өткен салық кезеңдері үшін жиналған қарыздары бар жеке тұлғалар биылдың соңына дейін негізгі қарызды өтеп, салыққа рақымшылықты пайдалана алады. Бұл тұрғыда есептеген өсімпұлдар мемлекеттік кірістер органдары тарапынан автоматты түрде есептен шығарылады. Қазіргі уақытта 9,5 млрд теңгені төлеген 400 мыңнан астам азаматқа 1,9 млрд теңге өсімпұл есептен шегертілді», - деді Жайдар Іңкәрбаев.

Атап айтқанда, салыққа рақымшылық жыл соңына дейін жалғасады.

«Салық төлеушілерді аталған мүмкіндікті белсенді пайдалануға шақырамыз. Бұл өз кезегінде салықтық ауыртпашылықты төмендетуге әрі өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шағаруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінде 41 820 бизнес субъекті 12,5 млрд теңгені төлеп, салыққа рақымшылықты пайдаланды.

Соңғы жаңалықтар