Сапалы тұқым алу мақсатында субсидиялау тетігі өзгертіледі - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұқымды Қазақстаннан алғандар да, шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алғандар да субсидиялық қолдауға ие болады. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық және импорттық селекцияның сапалы тұқымдарына фермерлердің тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында субсидиялау тетігін өзгерту жоспарлануда. Субсидияны тұқымды Қазақстаннан алғандар да, шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алғандар да алады. Ескі тетікте бұл көзделмеген еді. Элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына бірегей тұқым сатып алған жағдайда қолдау көрсетіледі», - деді С. Омаров.

Осы оарйда ол әкімдіктер тұқымның сапалық көрсеткіштеріне, олардың сұрып және егіс сапаларына сәйкестігіне ерекше назар аударуы қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі жағдайда құйылған тұқымның жалпы көлемінің 77,4 пайызы ғана тексерілді, егіс стандартының талаптарына олардың 56 пайызы, оның ішінде 1-сыныпқа 38 пайызы, 2-сыныпқа 10 пайызы, 3-сыныпқа 8 пайызы сәйкес келеді. Бүгінгі күні дәнді дақылдардың себілетін тұқымдық материалын 100 пайыз өңдеу қамтамасыз етілмейді. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердегі тұқым материалының егіс сапасын уақтылы тексеруді және тұқымдарды дайындау мен дәрілеу бойынша қажетті шаралар қабылдауды ұсынамыз», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн гектар алаңға егіледі.



Соңғы жаңалықтар