Сапарбаев педагогтарға: Ашып айтыңыздар, пікірлерді ескереміз

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы бүгін Шымкент қаласына келді. Үкіметтік делегацияның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин бар.

Сапардың басты мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басымдықты бағыттарын түсіндіру.

Ақпараттық топ алдымен, қаладағы №65 мектеп-гимназиясына ат басын бұрып, педагогтармен және білім саласының ардагерлерімен кездесті. Оның барысында Жолдауда айтылып өткен, білім сапасын жақсарту жолында қабылданатын заңдар мен әлеуметтік ынталандыру жөнінде пікір алмасты.

Жиында Білім және ғылым министрі педагогтар мәртебесі туралы заң жобасын жан-жақты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуда Шымкент көш бастап келеді. Биыл бұл мақсатта 10 жекеменшік мектеп ашылған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, жиында ұстаздар тарапынан ұлттық тәрбиені күшейту, әлеуметтік жағдайды көтеру, мектептердегі орынсыз тексерулерді азайту мәселелері көтерілді.

«Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырған болатын. Осы ретте келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысын 25 пайызға өсіру көзделуде», - деді Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов.

Еліміздің бас педагогы сонымен қатар мектепке магистрлік білімі бар мамандарды тарту қажеттігін айтып өтті.

«Ұстаздардың білім сапасына да мән беруіміз қажет. Сондықтан да жоғары білімнен кейінгі магистрлік білімі бар ұстаздардың жалақысына қосымша ынталантыру мақсатында 17 пайыз үстемеақы төленетін болады», - деді ол.

Жиынды қортындылаған Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев білім саласын дамытудағы басты мақсаттар мен міндеттерге тоқталып өтті.

«ҚР Президенті білім саласын дамытудағы басты мақсаттар мен міндеттерді белгілеп берді. Қазір саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Одан бөлек, педагогтар мәртебесі туралы заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Артық жүктемелерді азайту, ұстаздардың жауапкершілігін арттыру бағыттары бар. Жалпы, мәселе көп. Ашып айтыңыздар. Біз осы мақсатта өңірлерді аралап жүрміз. Пікірлеріңізді ескереміз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар