Сапархан Омаров алмамен қамтамасыз етудің жобасы жайында айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров азық-түлік тауарларына қатысты жаңа инвестициялық жобалар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азық-түлік тауарларын өндірудің қосымша көлемдерінің өсуін қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін бірқатар жаңа инвестициялық жобалар енгізіледі. Мысалы, жыл соңына дейін құс етін өндіру көлемі 75 мың тоннаға немесе 25 пайызға ұлғайтылады. Бұл жаңа 8 құс фабрикасын жылдың аяғына дейін іске қосу есебінен қамтамасыз етіледі. Олардың екеуі іске қосылды», - деді министр Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, ол сүт өндірісі ұлғайтылатынын жеткізді. Жылдың соңына дейін қосымша көлемі 112 мың тонна болатын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасы іске қосылады. 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін қуаттылығы 45 мың тонна болатын 3 жаңа ет комбинатын іске қосу жоспарланып отыр.

«Халықты алмамен қамтамасыз ету үшін 2 мың гектар қарқынды алма бағын отырғызу жоспарлануда, олар 68 мың тоннаға дейін өнім бере алады. 1700 гектар қазірдің өзінде отырғызылды. Қант өндіру бойынша Жамбыл облысында жаңа зауыт салу бойынша жұмыстар басталды. Қант қызылшасына арналған алаңдар 20,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды, Алматы облысында қолданыстағы қант зауыттарын жаңғырту жүргізілуде», - деді С. Омаров.


Соңғы жаңалықтар