Сапархан Омаров жайылымдарды пайдалануға қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жайылымдарды пайдалануға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін жайылымдар беру мәселелерін шешу мақсатында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, оның аясында 2 жылдық мерзімге жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеп, бекіту көзделді. Бұл жоспарлар халықтың мал жаюын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарын қайта бөлуге бағытталған. Бұл ретте, жайылымдарды беру мен пайдалануға байланысты іс-шараларды жүргізу кезінде жариялылықты қамтамасыз ету үшін Жайылымдарды басқару мен оларды пайдалану жоспарын әзірлеуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қатыстыру заңнама жүзінде көзделді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті атқарушы органдардың жайылымдарды пайдалану жөніндегі жыл сайынғы есептерін тыңдап, талқылайды, жайылымдарды қайта бөлу мәселесін қарауға, Жайылымдарды басқару жоспарын іске асыруға қатысады, сондай-ақ жайылым пайдаланушылармен, жайылым пайдаланушылар бірлестіктерімен жайылымдарды басқару және пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жүргізеді», - деді министр.

Осы орайда ол 2015 жылдан бастап пайдаланылмайтын жерлердің анықталуын мемлекеттік бақылау функцияларын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратынын еске салды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сапархан Омаров ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді және ұтымды пайдалану мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.


Соңғы жаңалықтар